Қазақстанда көліктерге арналған жаңа мемлекеттік нөмір пайда болады

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Қазақстанда электромобильдерге арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірі енгізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес, тиісті норма «Жол жүрісі туралы» заңның 70-бабына енгізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Заңда мемлекеттік нөмірдің түсі мен дизайны нақты көрсетілмеген. Бұл талаптарды Ішкі істер министрлігі жеке нормативтік құқықтық актілер арқылы бекітеді. Алайда 2026 жылдың мамыр айында Мәжіліс отырысында ІІМ вице-министрі Санжар Әділов ведомство халықаралық тәжірибеге сүйенетінін мәлімдеген болатын.

Әлемде электромобильдердің мемлекеттік нөмірлері көбіне жасыл түспен ерекшеленеді. Мұндай тәжірибе Қытай, Норвегия, Канада, Польша және Беларусь елдерінде қолданылады, – дейді вице-министр.

Электромобиль автоматты түрде анықталады

Арнайы мемлекеттік нөмірді енгізудің негізгі себебі – жол камералары мен автоматтандырылған жүйелердің электромобильді іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерден ажырата алмауы. Соның салдарынан тегін автотұрақты пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіру немесе арнайы қуаттау орындарындағы жеңілдіктерді беру кезінде қиындықтар туындайды.

Жаңа үлгідегі мемлекеттік нөмірдің көмегімен электромобиль автоматты түрде анықталып, қосымша тексерулерсіз қажетті жеңілдіктерді пайдалана алады.

ІІМ мәліметінше, заң күшіне енгеннен кейін алғашқы жаңа мемлекеттік нөмірлерді беру үшін шамамен алты ай қажет болады. Осы уақыт ішінде министрлік тиісті стандарттарды әзірлеп, бекітеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы мамыр айының басында Қазақстанда 24 мыңнан астам электромобиль тіркелген.

Фото: AI / El.kz

Бірқатар жаңа ұғым заңмен бекітілді

Осы заң жүргізушісіз көлік түрлерін құқықтық тұрғыдан реттеуге де бағытталған.

«Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» заңға жүргізушісіз көлік құралы, жүргізушісіз көлік жүйесі, жүргізушісіз көліктердің пайдалану аймағы және қашықтан басқарушы оператор ұғымдары енгізілді. Қашықтан басқарушы оператор – қажет болған жағдайда жүргізушісіз көліктің қозғалысын өз қолына ала алатын жеке тұлға. Сонымен қатар «Теміржол көлігі туралы» заңда жүргізушісіз теміржол көлігіне анықтама берілді.

Авиация саласында да бірқатар жаңа ұғым заңмен бекітілді. Атап айтқанда, озық әуе мобильдігі, қалалық әуе мобильдігі, вертипорт және қалалық әуе мобильдігі аймағы түсініктері енгізілді. Бұдан бөлек, аэротакси операторлары мен авиациялық техниканы әзірлеушілерге арналған сертификаттардың жаңа түрлері қарастырылған.

Заңға сәйкес, жүргізушісіз әуе қозғалысына қызмет көрсетуге шетелдік заңды тұлғалар мен құрамында шетелдік қатысуы бар компаниялар жіберілмейді. Бұл қызметті тек қазақстандық ұйымдар ғана атқара алады.

Аталған өзгерістер Алатауда жүзеге асырыла бастаған жобалармен де сабақтас. Биыл мамыр айында мұнда жүргізушісіз аэротаксидің көрсетілімдік ұшуы өтті. Аппарат жолаушыларсыз, қашықтан басқару арқылы әуеге көтеріліп, шамамен 10 минут ұшқаннан кейін бастапқы орнына қайта қонды. Болашақта мұндай аэротаксилерді Алатау, Қонаев және Алматы арасындағы бағыттарда пайдалану жоспарланып отыр. Ол үшін арнайы вертипорттар желісі салынбақ.

Заң ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Оқи отырыңыз