Жаңалықтар

Қазақстанда кімдерге несие берілмейді

Қазақстанда кімдерге несие берілмейді
Фото: El.kz 06.03.2024 15:27 3457

Мәжіліс кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірледі.

Бүгінгі таңда 8,5 млн жуық қазақстандықтың қарызы бар, оның 1,6 млн жуығы қарызын уақытында өтей алмай жүр. Несиені төлеу мерзімі 90 күннен кешіккен қарыздың жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте кешіктірілген әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі, сәйкесінше қарыз сомасы ұлғайып, оны төлеу қиындай түседі.

Заң жобасында қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық несиелер бойынша 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға сыйақы есептеуге тыйым салу көзделген. Бұл банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты. Сондай-ақ несие өтемеген мерзімі 90 күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге тыйым салынады. Алайда бұл норма жеке тұлғаның қарызын өтеу үшін банктен берілетін қарызға қолданылмайды.

Құжатқа қарыз алушының несие бойынша ай сайынғы төлемінің ресми табысының жартысынан аспауы туралы талап енгізілген. Оны банктер мен микроқаржы ұйымдары сақтауға міндетті болады. Бұдан бөлек тұтынушылық кредит ұғымы енгізіледі және нормативтік деңгейде оның ең жоғары мәні шектеледі (банктер үшін – 5 млн теңге, микроқаржы ұйымдары үшін – 2 млн теңге).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға