Қазақстанда кім қанша алады? Ең жоғары жалақы төленетін салалар аталды

Қазақстанда кім қанша алады? Ең жоғары жалақы төленетін салалар аталды
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда орташа жалақы өсті. 2026 жылдың екінші тоқсанында оның көлемі 486 388 теңгеге жетті. Бірақ бұл әр қазақстандық ай сайын осынша табыс табады деген сөз емес. Жалақы адамның қай салада және қай өңірде жұмыс істейтініне қарай едәуір өзгереді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, сәуір-маусым аралығында орташа жалақы алдыңғы үш аймен салыстырғанда 5,4%-ға өскен. Ал былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 8,4% болды.

Бұл есепке кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындардың қызметкерлері кірмеген. Статистикада қамтылған жалдамалы жұмысшылардың саны шамамен 3,9 млн адамды құрайды.

Сәуірден маусымға дейін оларға 5,6 трлн теңге еңбекақы есептелген. Бұл сомаға негізгі жалақымен бірге сыйақы, үстемеақы, қосымша және өтемақы төлемдері де кіреді. Сондай-ақ салық, зейнетақы жарналары және басқа да ұсталымдар шегерілмеген.

Жалақы өсті, бірақ қымбатшылық та әсер етті

Орташа жалақы бір жылда 8,4%-ға көбейгенімен, бұл халықтың тұрмысы дәл сонша жақсарды дегенді білдірмейді. Өйткені осы аралықта тауарлар мен қызметтердің бағасы да өсті. Инфляцияны ескергенде, нақты жалақы алдыңғы тоқсаннан 3%-ға өскен, ал былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,8%-ға кеміген.

Демек, жалақының теңгемен көрсетілген көлемі артқанымен, оған сатып алуға болатын тауарлар мен қызмет көлемі бір жыл бұрынғыдан азайған.

Қай салада жалақы миллион теңгеден асады?

Елімізде ең жоғары орташа жалақы қаржы және сақтандыру саласында тіркелген. Бұл салада бір қызметкерге орта есеппен 1 107 576 теңге еңбекақы есептеледі. Бұл – елдегі орташа көрсеткіштен екі еседен де көп.

Жалақысы жоғары салалардың қатарында ақпарат және байланыс та бар. Мұнда орташа еңбекақы 851 076 теңгені құрайды.

Өнеркәсіп саласындағы орташа жалақы – 673 796 теңге. Ал осы саланың ішіндегі тау-кен өндірісі мен карьерлерді игеруде көрсеткіш 980 334 теңгеге жетеді. Ең төмен орташа жалақы өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 312 136 теңге.

Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында орта есеппен 360 296 теңге, ал ауыл, орман және балық шаруашылығында 365 262 теңге төленеді. Осылайша, ең жоғары және ең төмен орташа жалақы төленетін салалардың арасындағы айырма шамамен 3,5 есе.

Инфографика: El.kz
Инфографика: El.kz

Ең жоғары жалақы – Маңғыстауда

Жалақы мөлшері өңірге қарай да әртүрлі. Ең жоғары орташа жалақы Маңғыстау облысында тіркелген – 673 656 теңге. Екінші орында Астана тұр. Елордада орташа жалақы 647 920 теңге. Атырау облысы мен Алматыда да бұл көрсеткіш 600 мың теңгеден асады:

  • Атырау облысы – 631 555 теңге;
  • Алматы – 610 371 теңге.

Ал ең төмен орташа жалақы Солтүстік Қазақстан облысында – 363 123 теңге. Түркістан облысында орташа жалақы 370 964 теңге, Жамбыл облысында 375 456 теңге, Шымкентте 377 710 теңге.

Ең жоғары және ең төмен көрсеткіш тіркелген екі өңірдің арасындағы айырма 310 533 теңге.

Инфографика: El.kz
Инфографика: El.kz

486 мың теңге – көпшілік алатын жалақы ма?

Орташа жалақы 486 мың теңгеден асты дегенде «онда неге менің жалақым мұнша емес?» деген сұрақ тууы заңды. Мұның себебі орташа жалақыны есептеу тәсілінде жатыр.

Оны шығару үшін қызметкерлерге есептелген барлық еңбекақы қосылып, жұмысшылар санына бөлінеді. Мұнда айына 300 мың теңге алатын адамның да, 1 млн теңгеден көп табатын маманның да жалақысы бірге есептеледі. Жоғары жалақы алатындардың табысы ортақ көрсеткішті көтереді.

Сондықтан елдегі адамдардың көбі қанша жалақы алатынын түсіну үшін медианалық жалақыға да қараған жөн.

Медианалық жалақыны қарапайым мысалмен түсіндіруге болады: барлық қызметкерді жалақысының мөлшеріне қарай бір қатарға тұрғызсақ, дәл ортасында тұрған адамның табысы медианалық жалақы болады. Қызметкерлердің жартысы одан аз, қалған жартысы одан көп алады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында медианалық жалақы 331 527 теңге болған. Бұл есепке де кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындар кірмеген.

Ал екінші тоқсандағы орташа жалақы 486 388 теңге. Екі көрсеткіштің арасы – 154 861 теңге.

Сондықтан 486 мың теңгені қазақстандықтардың басым бөлігі алатын жалақы деп қабылдамаған жөн. Бұл – барлық есептелген еңбекақыны қызметкерлер санына бөлу арқылы алынған орташа көрсеткіш.

Шағын кәсіпорындардағы қызметкерлер есепке алынғанда бұл сома төмендеуі де мүмкін. Мәселен, 2026 жылдың бірінші тоқсанында оларды қоса есептегендегі орташа жалақы 445 068 теңге болған.

Оқи отырыңыз