Жаңалықтар

Қазақстанда ішімдікке тәуелді әйелдердің қатары артып барады – нарколог

Қазақстанда ішімдікке тәуелді әйелдердің қатары артып барады  – нарколог
Фото: Pixabay.com 28.10.2023 11:00 933

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, елімізде «алкогольді ішімдіктерді тұтынудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары» диагнозымен 90 мыңнан астам адам динамикалық бақылаудан өтуде. Оның 75 мыңға жуығы ерлер, 15 мыңнан астамы әйелдер болса, 91-і кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.   

35 жылдан астам уақыт бойы есірткі мен ішімдікке тәуелді адамдарды емдеп  жүрген маман Тоқтар Қойшыбеков соңғы уақытта әйелдер арасында алкогольге тәуелділіктің артқанын айтты.  

1987 жылы осы салада жұмысымды бастаған кезде алкогольге тәуелді адамдардың жасы 50-ден асқандар болатын. Соңғы кездері көбінесе 28-30 жастағы жастарымыз есепте тұр. Науқастардың 90 пайызға жуығы жастар. Жыныс жағынан қарасақ, 80 жылдары 10 адамның ішіндегі біреуі әйел болса, қазіргі таңда 4 адамның ішіндегі біреуі әйел. Әйел адамдардың арасында алкогольге тәуелділіктің артып бара жатқанын көруге болады, - дейді Қойшыбеков.

Нарколог-психиатрдың айтуынша, ішімдікке тәуелділік түрлі алкогольді коктейльдер мен энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудан басталады. Адам ішімдікке салынып кетсе, онда ол міндетті түрде шылымды да шегеді. Бұл қатерлі ісікке апаратын жол. Ішімдіктің жетегіндегі адамды 30 жастан кейін міндетті түрде қатерлі ісіктер, инфаркт, инсульт қарсы алады.

Алкоголизм – созылмалы дерт

Алкоголизм – созылмалы дерт. Сондықтан маман алкогольге тәуелді адамдарды үш сатыға бөліп қарастырады.

Бастапқыда алкогольді аз-аздан тұтына бастайды. Кейін ол тұрақты үрдіске айналады. Осылайша, адамда психикалық тәуелділік туындайды. Ішімдікті салынып ішкен адамда деградация басталады.  Ол жұмысын, отбасын, достарын, туыстарын жоғалтады. Адамның ағзасында да өзгерістер болады. Мысалы, бірінші сатысында вегетососудистая дистония болса, екінші сатысында гипертониялық аурулар, жүректің ишемиялық аурулары пайда болады. Ал үшінші сатысында инфаркт, инфарктан аман қалған күнде кардиосклероз болады. Мида да өзгерістер болады. 28-30 жастағы адамдар ақыл-есінен айрылып жатады. Неге десеңіз, үшінші сатысында энцефалопатия және алкогольді деменция пайда болады. Бауырдың да жұмысы нашарлайды. Бастапқы кезде гепатоз болса, екінші сатысында гепатит, үшінші сатысында цирроз және басқа да ауру белгілері өте көп кездеседі, - деді нарколог.  

Биыл елімізде 16 мыңнан астам адам алкогольге тәуелділіктен стационар жағдайында емделіп шыққан.

Стационарда науқастар ең кемі 21 күнде медикаментозды ем қабылдайды. Бұл емнің бастапқы кезеңі. Біз адамның ағзасын алкогольден тазартамыз. Ал толық емдеп шығу өте қиын. Себебі адам жылдар бойы ішімдікті тұрақты тұтынғандықтан, оның сана сезіміне де көп нәрсе байланысты. Әрі қарай 45 күндік психотерапиялық реабилитация шараларға бөлінеді.  Көбінесе адамды психотерапиямен емдейміз. Адамның сана сезімін, салауатты өмірге көзқарасын өзгерту керек. Бұл көбінесе психотерапевт, психологтардың жұмысы. Қазіргі кезде арнайы реабилитациялық бағдарлама 1,5-2 жылға созылған. Сондықтан науқас ем қабылдап шыққаннан кейін де онымен байланыс жоғалтпаймыз. Олар 1,5-2 жыл біздің назарымызда болады. Нәтижесінде 30-40 пайызы алкогольден бастартады, - деді маман.   

Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну бойынша әлемде 10-шы орын алады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы Еуропалық денсаулық туралы есебіне сәйкес, 2000-2019 жылдар аралығында ДДҰ Еуропалық аймағында тұрғындардың жан басына шаққандағы алкогольді тұтынудың жалпы мөлшері 2,5 литрге азайған, яғни 21 пайызға төмендеді.

2019 жылы жан басына шаққандағы алкогольді ең көп тұтынатын еуропалық 10 елдің қатарына Чехия, Латвия, Молдова, Германия, Литва, Ирландия, Испания, Болгария, Люксембург және Румыния кірді. Қазақстан бұл тізімде 44-ші орында. Қазақстандықтар жан басына шаққанда бір жылда 5 литр спирт тұтынатын көрінеді.

Былтыр Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ДДҰ зерттеуі бойынша ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін шамамен 9 литрді құрайтынын айтқан еді.

Өкінішке қарай, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. ДДҰ деректері бойынша Қазақстан ішімдік тұтынудан әлемде 10-шы орын алады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату және т.б. сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр, - деді Ажар Ғиният.  

Жақында ЦРУ әлемдегі ең көп алкоголь тұтынатын елдер тізімін жасады. Бұл тізімде Қазақстан 100-ші орында тұр. Есепке сәйкес, бір жылда елімізде жан басына шаққанда 3,73 литр алкоголь тұтынады екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға