Қазақстанда ЭЦҚ алу тәртібі өзгерді: жаңа ережеде не бар?

Қазақстанда ЭЦҚ алу тәртібі өзгерді: жаңа ережеде не бар?
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаны алу, сақтау және оның күшін жою тәртібі жаңарды. Жаңа талаптар 11 қыркүйектен бастап қолданыла бастады. Енді ЭЦҚ сертификатының қанша уақытқа берілетіні кілттің қайда сақталатынына байланысты. Құпиясөзге қойылатын талап та нақты белгіленді. Мамандардың түсіндіруінше, бұл ЭЦҚ қолдану тәртібін түбегейлі өзгерту емес, ең алдымен цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге және алаяқтықтың алдын алуға бағытталған шара.

Жаңа қағидалар Премьер-министр орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің 2026 жылғы 28 тамыздағы №522/НҚ бұйрығымен бекітілді. Құжат 31 тамызда Әділет министрлігінде №39747 болып тіркелген. Қағидалар Цифрлық кодекстің 55-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген. Құжатта ЭЦҚ сертификатын беру, сақтау, күшін жою, сондай-ақ ашық кілттің кімге тиесілі екенін және оның жарамдылығын тексеру тәртібі белгіленген. Жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін, әсіресе, Ұлттық куәландырушы орталық арқылы ЭЦҚ алу және пайдалану тәртібіне қатысты талаптар маңызды болмақ.

Бұған дейін қолданылып келген «тіркеу куәлігі» атауының орнына енді «электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаты» деген атау қолданылады. Бұл сертификат ашық кілттің нақты жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі екенін растайды.

ЭЦҚ қанша уақытта беріледі?

Ұлттық куәландырушы орталықтың жеке кабинеті арқылы рәсімделген сертификат 20 минут ішінде беріледі. Ал қашықтан сәйкестендіру қажет болған жағдайда немесе тіркеу орталығына жүгінген кезде рәсім бір жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.

ЭЦҚ сертификатын беру және оның күшін жою жеке және заңды тұлғалар үшін тегін.

ЭЦҚ қанша уақытқа жарамды?

Жаңа қағидалардағы азаматтарға тікелей қатысты маңызды тұстың бірі – ЭЦҚ сертификатының жарамдылық мерзімі оның қайда сақталатынына байланысты белгіленеді.

Егер кілт:

– чипі бар жеке куәлікте;

– арнайы қорғалған құрылғыда сақталса, сертификат үш жылға беріледі.

Ал ЭЦҚ кілті кәдімгі электрондық тасымалдағышта немесе цифрлық үкіметтің мобильді қосымшасында сақталса, сертификат бір жылға жарамды болады.

Жеке және заңды тұлғалардың цифрлық жүйелеріне арналған сертификаттар да үш жылға беріледі.

ЭЦҚ құпиясөзіне талап күшейді

ЭЦҚ алған кезде жабық кілттің құпиясөзін иесі өзі белгілейді. Жаңа талап бойынша ол кемінде сегіз таңбадан тұруға тиіс. Құрамында латын әріптері және сандар немесе арнайы таңбалар болуы керек. Бұл талаптардың қауіпсіздік тұрғысынан маңызы бар. Себебі ЭЦҚ – жай ғана электрондық файл емес. Оның көмегімен азаматтың атынан электрондық қызметтер пайдаланылып, заңдық маңызы бар әрекеттер жасалуы мүмкін.

Сондықтан ЭЦҚ кілтін, оның құпиясөзін және телефонға келген растау кодын басқа адамға беруге болмайды.

1414 кеңесшісі не дейді?

1414 Бірыңғай байланыс орталығының кеңесшісі Элеонора Абдуллақызының түсіндіруінше, жаңа талаптарды азаматтар үшін ЭЦҚ пайдалану тәртібін түбегейлі өзгерткен жаңалық деп қабылдаудың қажеті жоқ. Кеңесшінің айтуынша, енгізілген талаптар негізінен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Соңғы уақытта азаматтардың жеке деректерін, SMS арқылы келген кодтарды немесе ЭЦҚ-ға қатысты мәліметтерді алуға тырысатын алаяқтық әрекеттер кездесетіндіктен, электрондық қолтаңбаны қорғауға қойылатын талаптарға ерекше мән беріліп отыр.

Азаматтар үшін негізгі қағида өзгермейді. Яғни ЭЦҚ кілті мен құпиясөзін ешкімге бермеу керек. Қауіпсіздік талаптарының нақтылануы ЭЦҚ иесінің атынан бөгде адамның әрекет жасауына жол бермеуге және алаяқтық тәуекелін төмендетуге бағытталған, - деп түсіндірді маман.

ЭЦҚ-ның күші қандай жағдайда жойылады?

ЭЦҚ сертификатының күшін жою туралы өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады.

Өтінішті:

– Ұлттық куәландырушы орталықтың жеке кабинеті;

– цифрлық үкімет порталы;

– тіркеу орталығы арқылы беруге болады.

Кей жағдайда сертификат иесінің өтінішінсіз де күшін жояды. Мысалы, иесі қайтыс болғанда, аты-жөні өзгергенде, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда, сондай-ақ тиісті сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда сертификаттың қолданылуы тоқтатылады.

Компания басшысы ЭЦҚ кілтін қызметкеріне бермеуі керек

Жаңа тәртіп заңды тұлғалар үшін де маңызды. Компанияның бірінші басшысы өз қызметкеріне ұйымдағы басқа қызметкерлердің ЭЦҚ сертификатын алуға берген өтінімдерін мақұлдау немесе қабылдамау, сондай-ақ олардың сертификаттарының күшін жою құқығын бере алады. Ол үшін қызметкерге «Қол қою құқығы бар қызметкер» үлгісіндегі ЭЦҚ қажет. Одан кейін басшы Ұлттық куәландырушы орталықтың жеке кабинеті арқылы оған тиісті өкілеттік береді. Яғни белгілі бір жұмысты қызметкерге тапсыру үшін басшы өзінің ЭЦҚ кілтін немесе құпиясөзін беруге тиіс емес. Бұл да ЭЦҚ-ны бөтен адамның пайдалану қаупін азайтуға бағытталған қауіпсіздік тетіктерінің бірі.

ЭЦҚ мерзімі аяқталса, ҰКО телефон соға ма?

Алаяқтар азаматтардың цифрлық сауатын пайдаланып, өзін мемлекеттік органның немесе Ұлттық куәландырушы орталықтың қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Осыған байланысты Ұлттық куәландырушы орталық арнайы ескерту жасап отыр. ҰКО қызметкерлері ЭЦҚ сертификатының мерзімі аяқталып келе жатқанын айтып телефон соқпайды және телефон арқылы оны ұзартуды ұсынбайтынын есте сақтау керек.

Сертификаттың мерзімі аяқталатыны туралы ескерту пайдаланушыға алдын ала жіберіледі. Хабарлама тіркелген телефон нөмірі мен электрондық поштаға:

30 күн қалғанда;

10 күн қалғанда;

24 сағат қалғанда келеді.

Сондықтан өзін ҰКО немесе басқа мемлекеттік мекеменің қызметкері ретінде таныстырып, SMS-кодты, ЭЦҚ құпиясөзін немесе кілтті сұраған адамға мұндай деректерді беруге болмайды. Күмән туған жағдайда азаматтар ақпаратты ресми арналар арқылы тексеріп, 1414 Бірыңғай байланыс орталығына өздері хабарласа алады.

Заңды тұлғаларға қандай ЭЦҚ беріледі?

Заңды тұлғалар мен бірлескен кәсіпкерлік субъектілері үшін сертификаттың бірнеше түрі қарастырылған. Олардың қатарында бірінші басшыға, қол қою құқығы бар қызметкерге және ұйым қызметкеріне арналған сертификаттар бар.

Бұдан бөлек, сайттағы қорғалған байланысты қамтамасыз ететін SSL сертификаты, ұйымның цифрлық жүйелеріне және «Қазынашылық – Клиент» жүйесіне қатысушыларға арналған сертификаттар беріледі.

Азаматтар үшін қайталап өтер болсақ, ең маңызды қауіпсіздік қағидасы өзгермейді. ЭЦҚ кілтін, оның құпиясөзін және SMS арқылы келген растау кодын ешкімге беруге болмайды.

Оқи отырыңыз