Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 54 мың теңге. Бұл ақша кімнің өмір сүруіне жетеді?

Қазақстанда күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақы арасындағы алшақтық қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Сарапшылар қазіргі есептеу жүйесі халықтың нақты қажеттіліктерін толық ескермейтінін айтып, тұтыну себетін қайта қарау қажет екенін алға тартуда. Жалақының инфляцияны қуып жете алмауы, әлеуметтік көмектердің әділ бөлінбеуі мен аймақтық теңсіздік – бұл өзекті мәселелердің бір парасы ғана. Мемлекет бұл түйткілдерді шешу үшін қандай нақты қадамдарға баруы керек? El.kz тілшісі аталған мәселеге қатысты экономист Бауыржан Ысқақты сөзге тартты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, сәуір айының қорытындысы бойынша Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі кейінгі бір ай ішінде 2 пайызға артып, 54 408 теңгеге жеткен.
Деректерге сүйенсек, қазір бір миллионға жуық отандасымыздың айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді екен. Мамандардың айтуынша, бұл сома тек азық-түлікке ғана емес, сонымен қатар коммуналдық төлемдер мен жол жүру шығындарына да жетпейді. Сарапшылар тұтыну себетінің құрамы мен құнын қайта қарап, оны ең төменгі жалақы деңгейінде, яғни кемінде 130 мың теңге көлемінде белгілеу қажеттігін алға тартуда.
Статистикалық деректер бүгінде елімізде шамамен 1 миллионға жуық азаматтың айлық табысы ресми күнкөріс деңгейінен де төмен екенін айтады. Осы орайда кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан адамдар аталған қаражатқа азық-түлік алып, тұрғын үйге төлем жасап, жол шығындарын өтеуге мәжбүр.
Халық арасындағы пікірлер де бұл жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Азаматтар қазіргі инфляция жағдайында 50 мың теңге түгілі, 300–400 мың теңге көлеміндегі табыстың өзімен өмір сүру оңай емес екенін, 50 мың теңгеге бір күн де өмір сүру мүмкін емес екенін айтады.
Экономистердің пайымдауынша, ең төменгі табыс мөлшері орташа жалақының үштен біріне тең болуы тиіс. Бұл әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің және халықтың нақты қажеттіліктерін ескерудің бір жолы ретінде қарастырылып отыр.
Биылғы жылы күнкөріс деңгейі 54 408 теңге болып белгіленгені белгілі. Сонымен қатар, 2024 жылғы инфляция деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда жоғары екені байқалады. Ресми мәліметтер бойынша инфляция шамамен 8-10 пайыз аралығында.
Тұтыну себетін қайта қарау қажет
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, қазіргі таңда 54 408 теңге көлеміндегі күнкөріс деңгейі азық-түлік, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, дәрі-дәрмек және басқа да қажеттіліктерді толық қамти алмайды.
Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, нарықтық жағдайда қазіргі өмір сүру деңгейі үшін күнкөріс минимумының нақты мөлшері шамамен 90-120 мың теңге болуы қажет. Бұл мөлшер адамның физиологиялық, әлеуметтік және тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Айта кететін жайт, егер орташа жалақы 390-400 мың теңге шамасында болса, оның үштен бірі, яғни 130-120 мың теңге, күнкөріс минимумын қамтамасыз етуге кетуі тиіс, – дейді экономист.
Сарапшы қазіргі таңда Қазақстандағы тұтыну себетінің құрылымы негізінен азық-түлік тауарларына басымдық береді. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдері тұтыну себетінің 55-60 пайызын құрайды деп отыр.
Бұл көрсеткіш тұтынушылардың негізгі қажеттіліктеріне жауап беретіндігі айқын, алайда, шынайы өмірде халықтың тұтынушылық сұранысы әлдеқайда көп қырлы және әртүрлі. Қазіргі таңда, тұрғындардың табысының үлкен бөлігі коммуналдық қызметтерге, көлік шығындарына, интернет пен ұялы байланыс қызметтеріне, дәрі-дәрмекке, балалардың оқуы мен білім алуына жұмсалады. Осыған байланысты, тұтыну себетінің құрылымын қайта қарау қажеттілігі туындап отыр, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Бұл ретте экономист азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың арасындағы айырмашылықты өзгерту қажеттігін айтады.
Сондай-ақ, тұтыну себетіне білім, денсаулық сақтау, көлік және байланыс қызметтерінің үлесін қосу маңызды. Мұның бәрі халықтың нақты қажеттіліктерін толық қанағаттандыру үшін қажет. Аймақтық айырмашылықтарды да ескеру керек. Қалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғындардың тұтынушылық сұраныстары әртүрлі, сондықтан тұтыну себетін әр аймақтың ерекшеліктеріне сай түзету керек, – деді.
Сарапшы әлемдік тәжірибеде дамыған елдерде азық-түлік өнімдері тұтыну себетінің шамамен 40-50 пайызын құрайтынын тілге тиек етті.
Мысалы, Батыс Еуропа мемлекеттерінде бұл көрсеткіш 200-250 пайыз аралығында болса, кейбір елдерде тіпті 400 пайызға дейін жетеді. Осы орайда, Қазақстанға да өзінің тұтыну себетінің құрылымын қайта қарап, қазіргі заманның талаптарына сәйкес жетілдіру қажет. Күнкөріс деңгейі – зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеуде негізге алынатын маңызды көрсеткіш. Егер бұл деңгей тым төмен белгіленсе, онда оған байланған барлық төлемдер де халықтың шынайы қажеттіліктерін өтей алмайды, – дейді экономист.
Күнкөріс деңгейі – әлеуметтік саясаттың негізі
Ол мұндай жағдай әсіресе зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан осал топтардың нақты табысының төмендеуіне алып келетінін жеткізді.
Сонымен қатар кедейлік шегін төмен етіп көрсету арқылы мемлекеттегі шынайы әлеуметтік жағдай бұрмаланады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік саясаттың тиімділігіне қоғам тарапынан күмән туғызады. Басқаша айтқанда, ең төменгі күнкөріс деңгейін шынайы өмір сүру құнымен сәйкестендірмейінше, барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшері де төмен болып қала береді. Бұл көрсеткіштің нақты өмірден алшақ болуы – базалық есептік көрсеткіштер мен азаматтардың нақты қажеттіліктері арасындағы алшақтықтың артуына әкеледі, – дейді сарапшы..
Мұндай айырмашылық мемлекеттің әлеуметтік қолдауға бағытталған жалпы саясатының пәрменділігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан күнкөріс деңгейін есептеудің әдістемесін заман талабына сай қайта қарау – өзекті әрі уақыт күттірмейтін мәселе.
Мемлекет қандай нақты қадамдар жасауы тиіс?
Әлеуметтік әділеттілік пен халықтың нақты өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет бірқатар стратегиялық әрі жүйелі шараларды қолға алуы қажет. Сарапшы бұл бағытта мына қадамдарды ұсынды. Алдымен ең төменгі жалақыны нақты күнкөріс деңгейімен сәйкестендіру керек. Бұл жалақы азаматтың негізгі өмірлік қажеттіліктерін толық қамтамасыз ететіндей деңгейде болуы тиіс дейді.
Төмен жалақы алатын қызмет салаларына субсидиялау тетіктерін енгізу қажет. Яғни, мемлекет коммуналдық төлемдер, қоғамдық көлік, дәрі-дәрмек сияқты өмірлік маңызы бар шығындардың бір бөлігін қайтарып беретіндей жүйе құруы керек. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің маңызды бір көрінісі. Жалақыны индекстеу жүйесін кәсіподақтардың қатысуымен жетілдіру қажет. Бұл инфляцияның халықтың нақты табысына кері әсерін азайтып, азаматтардың өмір сапасын тұрақты ұстап тұруға септігін тигізеді, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер мен әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау маңызды. Бұл үшін «цифрлық әлеуметтік паспорт» жүйесін енгізу қажеттігін айтады.
Мұндай жүйе нақты табысы төмен адамдарды анықтап, көмек дәл соларға жетуін қамтамасыз етеді. Себебі қазіргі кезде әлеуметтік жәрдемақыны жағдайы жақсы азаматтар да алып отырған жағдайлар кездеседі. Еңбек нарығын сапалы дамыту қажет. Бұл үшін өндірістік кәсіпорындар мен жұмысшы мамандықтарын дамыту, жастарды техникалық мамандықтарға бейімдеу арқылы тұрақты әрі жоғары жалақы алатын азаматтар санын арттыру қажет, – деді экономист.
Халықтың нақты табысы өсіп жатыр ма?
Ол қазіргі экономикалық жағдайда жалақының номиналды өсімі инфляцияны қуып жете алмай жатқанын айтады. Бұл дегеніміз – сандар бойынша жалақы көбейгенімен, шынайы өмірде азаматтардың сатып алу қабілеті төмендеп келеді.
Әсіресе төмен табысты отбасылар үшін бұл жағдай ауырлап бара жатыр. Тұрмыс деңгейінің нашарлауы – әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуіне алып келеді. Сол себепті жалақыны инфляция деңгейіне автоматты түрде индекстеу жүйесін енгізу қажет. Өйткені халық жалақы өсіп жатыр деп есептегенімен, шын мәнінде инфляция оның әсерін «жеп» қойып отыр. Нақты жалақының өсуін сезіну үшін автоматты индекстеу — маңызды шешімдердің бірі, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Әлемдік тәжірибе: Күнкөріс деңгейін есептеу әдістері
Әлем елдерінде күнкөріс деңгейін есептеуде бірнеше түрлі әдіс қолданылады:
Абсолюттік әдіс – адамның физиологиялық қажеттіліктеріне негізделген тұтыну себетін есепке алады. Бұл тәсіл Ресейде қолданылады. Оған калория, май, негізгі азық-түлік түрлері кіреді.
Салыстырмалы әдіс – халық табысын медианалық деңгеймен салыстырады. Мысалы, Еуропа Одағында кедейлік шегі медианалық табыстың 60%-ымен өлшенеді.
Субъективті әдіс – халықтың өзін-өзі бағалауы негізінде жүргізілетін сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулерге сүйенеді.
Мультидисциплинарлық әдіс – бұл тек азық-түлік емес, сонымен қатар тұрғын үй, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, байланыс және өзге де өмірлік маңызды қажеттіліктерді ескеретін кешенді тәсіл. Мұндай модель Канада мен Нидерландта кеңінен қолданылады.
Қазақстан үшін қандай жол тиімді?
Экономист Қазақстан үшін күнкөріс деңгейін есептеуде абсолюттік, салыстырмалы және мультидисциплинарлық әдістердің үйлесімді нұсқасын қолдану тиімді екенін жеткізді.
Сонымен бірге, аймақтық ерекшеліктерді міндетті түрде ескеру қажет. Мәселен, Шымкент пен Астана, Қызылорда мен Семей, Батыс пен Шығыс өңірлеріндегі табыс пен тұтыну айырмашылығы айтарлықтай. Сондықтан бірыңғай көрсеткішпен шектелмей, аймақтық сараланған күнкөріс деңгейін белгілеу орынды. Сондай-ақ халықтың нақты тұтыну құрылымына негізделген әдістемелерді енгізу қажет. Бұл әлеуметтік саясаттың шынайы өмірге сәйкестігін арттырып, оның тиімділігін жоғарылатады, – дейді сарапшы.
