Еңбек күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізді.
Зерттеу қазақстандықтардың жұмысшы мамандықтарға көзқарасын және еңбек адамдарының қоғамдағы орнын бағалауға бағытталған. Сауалнамаға 1 305 адам қатысты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі еңбек адамына құрметпен қарайды. Респонденттердің 76,2%-ы еңбек адамына құрмет көрсетуді маңызды қоғамдық құндылық деп бағалаған.
Қазақстан үшін қандай мамандықтар маңызды?
Сауалнамаға қатысушылар елдің алдағы дамуы үшін маңызды деп санайтын жұмысшы мамандықтар мен салаларды да атады.
Ең жоғары көрсеткіш құрылысшыларға тиесілі – респонденттердің 20,3%-ы олардың ел үшін маңызы жоғары екенін атап өткен.
Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін қатысушылардың 16,7%-ы маңызды мамандар қатарына қосқан. Ал 14,8%-ы өнеркәсіп өндірісі қызметкерлерін, 14,4%-ы электр мамандарын Қазақстанның болашағы үшін маңызды деп санайды.
Респонденттер дәнекерлеушілердің, коммуналдық қызмет мамандарының, механиктердің, жүргізушілердің, аспаздардың, слесарьлар мен машинистердің еңбегін де жоғары бағалаған.
Жұмысшы мамандардың жетістігі қалай бағаланады?
Зерттеу барысында өз еңбегімен өзгелерге үлгі болып жүрген жұмысшы мамандарға да назар аударылды.
Сауалнамаға қатысқандардың 19,5%-ы жетістігі бүкіл елге үлгі боларлық жұмысшы мамандарды нақты білетінін айтқан.
Ал респонденттердің 51,6%-ы жұмысшы мамандардың жетістігі мен еңбегін жекелеген адамдар арқылы емес, тұтас саланың дамуына қосқан үлесі тұрғысынан бағалау маңызды деп есептейді. Сондықтан олардың арасынан белгілі бір адамдарды бөліп көрсету қиын немесе қажет емес деген пікір білдірген.
41,2% қосымша шаралар қажет деп санайды
Сауалнамаға қатысушылардың 47,7%-ы еңбек адамдарының қоғамдағы жағдайына және осы бағытта елде қабылданып жатқан шараларға көңілі толатынын жеткізген.
Сонымен қатар 41,2% респондент жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру бағытындағы жұмысты жалғастырып, қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.
Сауалнама нәтижелері азаматтардың еңбек адамдарының ел дамуына қосатын үлесін жоғары бағалайтынын көрсетті. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін одан әрі арттыру қажеттігі де байқалады.
Еңбек күні – елдің дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген барлық маманға құрмет білдіріп, еңбектің қадірін тағы бір еске салатын күн.
Анықтама: сауалнамаға 1 305 адам қатысты. Оның 53,1%-ы әйелдер, 46,9%-ы ерлер. Сауалнама жүргізілген кезде респонденттердің 61,2%-ы жұмыс істейтін азаматтар болған.