Қазақстанда долларлық депозиттерді негізінен ауқатты азаматтар жинақтарын әртараптандыру мақсатында пайдаланады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 4 қыркүйектегі брифингте мәлімдеді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың депозиттеріндегі қаражат көлемі 30 трлн теңгеге жеткен. Оның 5,9 трлн теңгесі шетел валютасында сақтаулы.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, соңғы жылдары елдегі депозиттердің долларлану деңгейі айтарлықтай төмендеген.
«Депозиттердің долларлану деңгейі қазір тарихи минимумда – 19 пайыздан сәл жоғары. Үш-төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 30-35 пайыз, ал бес-алты жыл бұрын 60 пайыз болған. Яғни теңгеге деген сенім жылдан жылға артып келеді», – деді Тимур Сүлейменов.
Оның сөзінше, доллармен ақша жинайтындардың басым бөлігі – табысы жоғары азаматтар. Олардың теңгемен де жинақтары бар, алайда қаржысын әртараптандыру үшін белгілі бір бөлігін шетел валютасында сақтайды.
«Негізінен бұлар – ауқатты азаматтар. Олардың теңгемен де жинақтары бар. Бірақ әртараптандыру тұрғысынан қаражатының бір бөлігін доллармен сақтауды жөн көреді», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал қазақстандықтардың басым бөлігі, оның айтуынша, қаражатын теңгемен сақтайды.
«Орташа қазақстандық үшін ақшаны доллармен сақтау мәселесі тіпті күн тәртібінде тұрған жоқ. Ал жинағы мол, депозиттік портфелін әртараптандырғысы келетін ауқатты азаматтар қаражатының бір бөлігін доллармен ұстайды», – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы теңгелік депозиттердің табыстылығына да назар аударды. Оның айтуынша, долларды жоғары бағаммен сатып алған азаматтар валюта бағамының өзгеруінен ғана емес, теңгелік депозиттен алуға болатын табыстан да қағылған.
«Долларды 550 теңгеден сатып алғандар қазір айтарлықтай шығынға ұшырады. Олар бағамдық қайта бағалау жағынан да, қарапайым теңгелік депозит арқылы табыс табу мүмкіндігін жіберіп алу жағынан да ұтылды», – деді ол.
Тимур Сүлейменов теңгеге және елдің ақша-кредит саясатына сенім арту қажет екенін атап өтті.
«Теңгеге, ақша-кредит және макроэкономикалық саясатқа сену керек. Азаматтардың абсолютті басым бөлігі өз ақшасымен теңгені таңдап отыр – депозиттерін доллармен емес, теңгемен сақтайды. Мен де қаражатымды теңгемен ұстаймын», – деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.