Қазақстанда дизель өндірісі артады, бірақ сұраныс одан да жылдам өсіп жатыр

Қазақстанда дизель өндірісі артады, бірақ сұраныс одан да жылдам өсіп жатыр
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан мұнай өңдеу зауыттары 2026 жылы дизель отынын өндіру көлемі бойынша тарихи рекордты жаңартуды жоспарлап отыр. Елдегі мұнай өңдеу зауыттары 6,6 млн тонна дизель шығаруы тиіс. Бұл туралы PetroCouncil.kz Telegram-арнасы хабарлады.

Былтыр отандық зауыттар бұдан шамамен 500 мың тоннаға аз дизель өндірген. Ал биыл ашық түсті мұнай өнімдерінің жалпы өндіріс көлемі 14,4 млн тонна деңгейінде жоспарланған.

2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 млн тоннаға артады. Осылайша, ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру көлемі екінші жыл қатарынан өсіп келеді.

Сұраныс өндіріс көлемінен жылдам өсуде

Соған қарамастан, Қазақстанда дизель отынын ішкі тұтыну жыл сайын орта есеппен 500 мың тоннаға артып отыр. Демек, өндіріс көлемінің рекордтық өсімі сұранысты әрең қуып жетуде және айтарлықтай қор қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.

Мұндай жоғары сұраныстың себептерінің бірі – жанармай бағасының көрші елдермен салыстырғанда төмен болуы. Қазақстан жанармай құю бекеттерінде дизель отынының бір литрі 356 теңгеден сатылады.

Көрші елдерде дизель қанша тұрады?

Қырғызстанда жүргізушілер дизель отыны үшін едәуір көп төлейді. Қазақстан валютасына шаққанда, онда бір литр дизельдің бағасы 512 теңгеге тең.

Өзбекстанда баға бұдан да жоғары. Көрші елде дизель отынының бір литрі 692 теңгеден сатылады. Бұл Қазақстандағы бағадан екі есеге жуық қымбат.

АИ-92 бензині екі еседен астам арзан

Бензин нарығында да осындай жағдай қалыптасқан. Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 254 теңге тұрады. Ал Қырғызстанда жүргізушілер дәл осындай көлемдегі жанармай үшін 451 теңге төлейді.

Көрші елдер арасында АИ-92 бензинінің ең қымбат бағасы Өзбекстанда тіркелген. Онда бір литр бензин 579 теңгеден сатылады. Бұл Қазақстандағы бағадан екі еседен астам жоғары.

АИ-92 бензині жеткілікті көлемде өндіріліп жатыр

Бұл маркалы бензин бойынша жағдай дизель отынымен салыстырғанда тұрақтырақ. 2026 жылы Қазақстанда АИ-92 бензинін өндіру көлемі 4,7 млн тонна болады деп болжанған.

Ал ішкі тұтыну көлемі 4,6 млн тонна шамасында бағаланып отыр. Яғни отандық зауыттар ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, аздаған артық қор қалыптастыра алады.

Қазақстанда жан басына шаққанда қанша дизель тұтынылады?

Жан басына шаққандағы тұтыну статистикасы да назар аудартады. Қазақстанда әр тұрғын жылына орта есеппен 370 литр дизель отынын пайдаланады.

Қырғызстанда бұл көрсеткіш шамамен төрт есе төмен. Ал Өзбекстанда бір адамға шаққандағы жылдық дизель тұтыну көлемі небәрі 44 литрді құрайды. Яғни Қазақстандағы көрсеткіштен сегіз еседен астам аз.

Дизель отыны қайда кетіп жатыр?

Сала өкілдері мұндай жоғары тұтыну көлемін көрші елдермен арадағы баға айырмашылығымен де байланыстырады. Қазақстандағы арзан жанармай шетелдік сатып алушыларды қызықтырады. Соның салдарынан отынның бір бөлігі шекара маңындағы аумақтар арқылы көрші мемлекеттерге өтіп кетеді.

Осылайша, ішкі нарыққа арналып өндірілген жанармайдың белгілі бір бөлігі ел аумағынан шығып, отандық тұтынушыларға жетпей қалады.

Іс жүзінде Қазақстандағы мұнай өнімдерінің төмен бағасы көрші елдердің тұтынушылары мен экономикалық қызметіне жанама түрде қолдау көрсетіп отыр. Ал қосымша сұраныс Қазақстанның ішкі тұтыну көлеміне қосылып, отандық мұнай өңдеу зауыттарына түсетін жүктемені арттырады.

Сала өкілдері қандай шешім ұсынады?

Материал авторының пікірінше, мәселені шешу үшін мұнай өңдеу көлемін арттыру жеткіліксіз. Көрші мемлекеттермен арадағы баға айырмашылығы сақталған жағдайда, сұраныс пен шекара арқылы отынның сыртқа өтуі жалғаса береді.

Сала мамандарының бағалауынша, ішкі нарықтағы жанар-жағармай бағасын көрші елдердегі деңгейге біртіндеп жақындату артық сұранысты азайтуы мүмкін. Мұндай жағдайда босайтын дизель отынының көлемі Қазақстанның ішкі нарығында қалады.

Оқи отырыңыз