Жаңалықтар

Қазақстанда депозит ашу кезінде нені білу керек

Қазақстанда депозит ашу кезінде нені білу керек
Фото: ©El.kz/Нүркен Алишев 08.01.2024 17:37 2364

Депозиттің ақшаны сақтап қана қоймай, оны ұлғайтуға да септігін тигізетінін білетін боларсыз. Дегенмен сақтаулы тұрған қаржыңызды мейлінше көбейткіңіз келсе, алдымен банк ұсынатын жағдайды жете зерттеп алыңыз. El.kz ақпарат агенттігі депозит ашу кезінде неге мән беру керектігіне тоқталып өтті.   

Банк депозиттері арқылы қазақстандықтар жинаған қаржысын құнсызданудан сақтап, оны көбейте алады. Алайда жинақ пайда әкелсін десеңіз, депозит ашарда бұрын міндетті түрде келісімшарттарды мұқият оқып шыққан дұрыс.  Депозиттің мобильді телефон не банк бөлімшесінде ашылғаны маңызды емес.

Тәжірибелі инвестор не енді ғана бастаған салымшы болсаңыз да, құжатты мән беріп оқу және оны мейлінше түсіну болашақта сізді тәуекелден қорғап қалуы мүмкін, - дейді мамандар.

Депозит ашуда неге мән беру керек

Әр банктің өз шарттары болатынын ұмытпаңыз, олар міндетті түрде келісімшартта көрсетіледі. Сөйте тұра бәрін ортақ ережелер болады. Яғни кез келген банктің келісімшартында мынадай мәлімет болуы тиіс: депозиттің аяқталу мерзімі, қаражатты орналастыру және сыйақы төлеу шарттары; салымды толық не ішінара қайтару шарттары; толықтыру мүмкіндігі; ұзарту шарттары; пайыздық мөлшерлеме. Сыйақы мөлшерлемесі неғұрлым жоғары болса, салымшы үшін депозит соғұрлым тиімді болады. Ескере кететін жайт, оның мөлшері салым түрінен де, сақтау валютасынан да айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Айталық, долларлық депозиттер үшін елімізде жылдық пайыз 1%-дан аспайды. Әдетте сыйақы мөлшерлемесі шарттың қолданылу мерзімінде өзгеріссіз қалады. Кей банктер пайыздарды көбейтуі мүмкін, бірақ ешбір банк келісімшарт қайта жасалғанға дейін оларды төмендете алмайды.

Пайыздардың түсімі

Депозиттің басты мақсаты – бастапқы қаржы мөлшерін ұлғайту. Сондықтан салым бойынша шарттарды білу өте маңызды, себебі олар сыйақы көлеміне әсер етеді.

Депозиттердің кейбір түрлерінде қаражатты мерзімінен бұрын алғаны үшін айыппұл қарастырылған. Егер сіз жинақ салымынан ақшаңызды мерзімінен бұрын шешіп алсаңыз, онда сіз «жиналған» пайыздардың бәрінен айырылып қаласыз деген сөз.

Қысқа мерзімді депозиттерде айыппұлдар айтарлықтай емес, дегенмен ақшаңызды келісімшарт мерзімінің аяқталуын күтпестен шешіп алсаңыз, онда сыйақының бір бөлігін жоғалтуыңыз мүмкін.

Қазақстанда ең танымал мерзімсіз салымдар мұндай шектеулер жоқ – қаражатты кез келген уақытта шешіп ала ласыз, бастысы шотта ең төменгі мөлшерде ақша қалса болғаны.

Салымды кез келген уақытта алу немесе толтыру мүмкіндігі пайыздық мөлшерлеменің мөлшеріне әсер етуі мүмкін. Әдетте шарттар неғұрлым қатаң болған сайын, сыйақы да соғұрлым көп болады. Сондықтан салымшы өзіне қандай шарттар сәйкес келетінін алдын ала анықтау қажет, сонымен қатар ақшаны шешкені үшін ұсталатын комиссиялар мен айыппұлдар жазылған шартты мұқият оқып шығу маңызды

 Салымды қайтару

Депозиттердің салымды қайтару шарттары да әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, банктер салымшының талабы түскен бойда бірден беруге міндетті «талап етілгенге дейін» деген депозиттер бар. Жинақ және мерзімді депозиттерде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған – әдетте өтінім түскен соң банк ақшаны иесіне қайтару үшін біраз уақыт күтуге тура келеді. Бұл жағдайда мерзімді депозиттен барлық соманы да, оның бір бөлігін де мерзімінен бұрын алуға болады. Жинақ депозитінде қаражаттың бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтару қарастырылмаған. Ал қаржыны толықтай шешіп аламын десеңіз, онда өтінім берген соң күнтізбелік 30 күн күтуге тура келеді.  

Депозитті ұзарту

Назар салып оқитын тағы бір пункт – пролонгация немесе салым мерзімін ұзарту. Әдетте салымның ұзартылу шарттары және оны қанша рет ұзартуға болатыны келісімшарттарда көрсетіледі. Кейде банктер депозит аяқталатын мерзімде оны автоматты түрде ұзартып отырады. Ол салымшының қатысуынсыз болатын дүние. Егер мұндай пролонгация қарастырылмаған болса, онда банк депозиттегі ақшаны ағымдағы шотқа аударады.

Депозитті ұзарту кезінде банктер шарттарды қайта қарап, пайыздарды көбейтіп немесе, керісінше, азайтуы мүмкін.

Осылайша келісімшарттағы осындай пункттерді мұқият оқу арқылы өзіңізге мейлінше қолайлы депозит аша аласыз.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға