Қазақстанда бірыңғай QR-код 7 шілдеден жұмыс істей бастайды

Қазақстанда бірыңғай QR-код 7 шілдеден жұмыс істей бастайды
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда 7 шілдеден бастап бірыңғай QR-кодты кезең-кезеңімен енгізу басталады. Ал жүйе 2026 жылғы 19 шілдеде толық іске қосылады. Осылайша қазақстандықтар сатушы қай банктің QR-кодын пайдаланатынына қарамастан, өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасай алады.

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі хабарлады. Ведомство Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Алматы қаласында екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екінші деңгейлі банктердің банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қатысу мәртебесі, сондай-ақ мобильді аударымдар мен QR-төлемдер сервистерін енгізу бойынша алдағы қадамдар талқыланды.

Бірыңғай QR қалай жұмыс істейді?

Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін тұтынушылар сатушыда қай банктің QR-коды орнатылғанына қарамастан, өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасай алады.

Бұған дейін әр банктің QR-коды негізінен өз экожүйесінде ғана жұмыс істейтін. Ал бірыңғай QR-код іске қосылған соң банктердің төлем жүйелері бір-бірімен жұмыс істеп, төлем жасау әлдеқайда ыңғайлы болады.

Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа жүйені енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Биылғы 7 шілдеден бастап бірыңғай QR-ды кезең-кезеңімен масштабтауды бастау және оны 2026 жылдың 19 шілдесінде толық іске қосу туралы шешім қабылданды, – делінген Ұлттық банктің ақпараттық хабарламасында.

Банктер жүйеге кезең-кезеңімен қосылады

Ұлттық банк бірыңғай стандарттың сатып алушылар үшін де, бизнес үшін де төлем жасау процесін жеңілдететінін атап өтті.

Сонымен бірге нақты банктердің жаңа жүйеге қосылу мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан кейбір банк клиенттері үшін бірыңғай QR қызметі кезең-кезеңімен қолжетімді болады.

Жүйелерді біріктіру қалай жүзеге асады?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі 2026 жылғы 19 шілдеден бастап толық іске қосылатынын мәлімдеген болатын.

Биыл 19 шілдеден бастап бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі іске қосылады. Парламенттің қолдауының арқасында биыл 1 мамырдан бастап экономиканың жаңа саласын іске қосу үшін құқықтық негіз жасалды, – деді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, банктер QR-төлемдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өз технологияларына қомақты инвестиция салған. Ендігі міндет – осы жүйелердің бір-бірімен қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Біз бұл процесті егжей-тегжейлі әрі мұқият зерттедік. Бұл мәселемен біздің өз командамыз айналысуда. Банктер өз экожүйелерінде осы QR-төлемдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке құралдарына және өз технологияларына қомақты инвестиция салды. Енді бұл жүйелердің қауіпсіз түрде бір-біріне қолжетімді болуы үшін оларды өзара үйлестіру қажет, – деген еді Тимур Сүлейменов.

Бірыңғай QR не үшін енгізіледі?

Бірыңғай QR-код ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның бір бөлігі саналады. Оның негізгі мақсаты – банктер арасындағы төлем жүйелерін біріктіріп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жеңілдету.

Еске салайық, 2025 жылы Парламент «Банктер және банк қызметі туралы» заңды, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді қабылдады. Құжатта банкаралық мобильді төлемдер жүйесі мен бірыңғай QR-кодты енгізудің құқықтық негізі бекітілген.

Оқи отырыңыз