Қазақстанда бес жылда 1120 жаңа мектеп салынды

Қазақстанда бес жылда 1120 жаңа мектеп салынды
Фото: Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Кейінгі бес жылда елімізде 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны мен оқушы орындарының тапшылығы төрт есе, ал апатты мектептер саны екі есе қысқарды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Мектеп инфрақұрылымын кеңейту семлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүргізіліп келеді. Негізгі мақсат – демографиялық өсім мен урбанизация жағдайында білім беру нысандарына түсетін жүктемені азайтып, қала мен ауылдағы балаларға бірдей жағдай жасау.

Ірі жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында ел бойынша 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды. Соның 84-і ауылдық жерде орналасқан.

Жаңа форматтағы мектептер STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, коворкинг кеңістіктерімен, хореография және спорт залдарымен жабдықталған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Білім инфрақұрылымын дамытуға мемлекетке қайтарылған активтер де бағытталып отыр. 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы шамамен 100 мың оқушы орнына арналған 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды.

Қазір сол нысандардың 83-і пайдалануға берілген. Тағы жеті мектепті жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.

Жаңа мектеп салумен қатар қолданыстағы білім ошақтарын жаңғырту жұмысы да қатар жүргізілуде. Соңғы бес жылда 5 026 мектеп модернизациядан өтті.

Шамамен 4,5 мың білім беру ұйымы 7 009 заманауи пән кабинетімен жабдықталған. Мұндай жаңарту мектеп ғимаратын жөндеумен ғана шектелмей, оқу ортасын технологиялық жағынан күшейтуге бағытталған.

Алдағы үш жылда тағы 1 300 мектепті реновациялау жоспарланған. Оның 820-сы ауылдық жерде орналасқан.

Жоба аясында ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіліп, пән кабинеттері, кітапханалар мен асханалар жаңартылады. Спорт залдарын жөндеу, мектеп аумағын абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерін күшейту де қарастырылған.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

2026 жылы ел бойынша тағы 60 мыңға жуық оқушы орнына арналған 101 мектеп салу жоспарланып отыр.

Білім инфрақұрылымындағы негізгі міндет енді тек жаңа ғимарат санын көбейту емес. Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, әр балаға қауіпсіз, технологиялық және сапалы білім алуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға басымдық берілмек.

Оқи отырыңыз