Қазақстанда бензиннің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю бекетіне дейінгі жеткізу жолын бақылау тетігі қарастырылып жатыр.
Жаңа жүйе әр партияның шығу тегін анықтап, зертханалық тексеру нәтижелерін қадағалауға мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл мәселе еліміздегі жанармай сапасына қатысты шағымдар көбейген тұста көтеріліп отыр.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың құралы ретінде тергеп-тексеру тетігін енгізуді көздейтін жоба Құрылтайдың қарауында жатыр. Сонымен қатар өнімнің жеткізу тізбегін өндірушіге немесе импорттаушыға дейін бақылау ұсынылған.
Қазақстанда бензин сапасына қатысты қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Комитет хабарлауынша, 2025 жылы мемлекеттік бақылау аясында 32 тексеру шарасы жүргізіліп, оның алтауында заңбұзушылық анықталған.
Бүгінгі таңда бензин сапасына қатысты 92 өтініш түсті. Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган жанармай құю бекеттерінде 79 бақылау шарасын өткізді, – деп хабарлады комитет өкілдері.
Тексеру барысында зертханалық талдау арқылы бензиннің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлары расталған.
Мәселен, Алматыда АИ-100 маркасымен сатылған бензиннің октан саны талапқа сай болмаған. Зертхана көрсеткіші 100-ден кем болмауы тиіс отынның октан санын 99 деп анықтаған.
Кейбір сынамалардан күкірт мөлшерінің де шектен асқаны белгілі болды. Мысалы, К5 экологиялық класына жататын бензинде күкірттің рұқсат етілген мөлшері бір килограммға 10 миллиграмнан аспауға тиіс. Алайда зертханалық талдау кезінде бұл көрсеткіш 33 миллиграмға жеткен. Яғни норма үш еседен астам асып кеткен.
Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен сатылған бензиннің октан саны 95 емес, 92 болған.
Ал Жетісу облысында К4 экологиялық класына жататын АИ-92 бензиніндегі күкірт мөлшері бір килограммға 105 миллиграмды құраған. Бұл санат үшін рұқсат етілген шек – 50 миллиграмм. Демек, көрсеткіш нормадан екі еседен астам жоғары болған.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты жедел шаралар қабылданған. Атап айтқанда, талапқа сай келмейтін өнімді айналымға шығаруға тыйым салынып, өнімнің бір бөлігі тәркіленген.
Жанармай құю бекеттеріне қатысты тексерулер мен олардың нәтижелері туралы бұған дейін де хабарланған.
Сапасыз бензин құйылған жағдайда не істеу керек?
Егер жүргізуші жанармай құю бекетінен сапасыз бензин сатылды деп есептесе, алдымен сатушыға шағым түсіріп, мәселені шешуді және келтірілген шығынды өтеуді талап ете алады.
Егер тараптар ортақ шешімге келе алмаса, тұтынушының құқығын қорғауға жауапты мемлекеттік органдарға, тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттейтін субъектіге немесе сотқа жүгінуге құқығы бар.
Сондай-ақ тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаментіне шағым беруге болады. Өтінішке мәселені растайтын құжаттарды, соның ішінде фискалдық чекті және бар болса, сараптама қорытындысын тіркеген жөн.
ҚР Азаматтық кодексінің 9-бабына сәйкес, құқығы бұзылған адам сотқа жүгініп, келтірілген залалды өтеуді және өз құқықтарын қорғауды талап ете алады.
Бензинге QR-код енгізілуі мүмкін
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында билік бензиннің әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю бекетіне дейін бақылау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған.
Жоспар бойынша, отынның шығу тегі мен зертханалық бақылау нәтижелері туралы ақпаратқа QR-код берілуі мүмкін. Бұл әр партияның қозғалысын қадағалап, оның сапасына қатысты мәліметтерді анықтауға көмектеседі.
Бұған қоса, отынның әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю бекетіне дейін қадағалауды қамтамасыз ететін шаралар техникалық және нормативтік тұрғыдан пысықталып жатыр. Оның ішінде отынның шығу тегі мен зертханалық бақылау нәтижелері туралы мәліметтерге QR-код беру де қарастырылған, – делінген премьер-министрдің жауабында.
Әзірге бұл тетіктің нақты қашан енгізілетіні туралы ақпарат берілмеген. Егер жоба іске асса, бензиннің қайдан жеткізілгенін және сапасына қатысты зертханалық бақылаудан өткен-өтпегенін анықтау жеңілдеуі мүмкін.