Жаңалықтар

Қазақстанда барлық ұлт өз құқығын еркін қолданады

Қазақстанда барлық ұлт өз құқығын еркін қолданады
Фото: © Pixabay.com 25.05.2023 17:40 1073

Қазақ халқы ежелден бейбітшілікті сүйген халық. Көршісімен қойы қоралас, ауылы аралас болған ел. Ықылым заманынан «Көрішіңмен тату бол» деген аталы сөзді басшылыққа алып келеді. Ұлт болып ұйысып, ел болып жиналған сәттен бері, шекарасына келген жауды аямай, өзгені жеріне көз тікпеген халық.

Сонау 1928 жылғы колхоздастыру, 1937 жылғы саяси нәубет жылдары мыңдап келген өзге ұлт өкілдерін кең қолтығына алып, бір нанын үзіп беріп келген берекелі ел. Бұл туралы шешен, ингуш, неміс халқы әлі күнге дейін ризашылықпен еске алып, айтып отырады.

Қазақ елі әлемге көптеген ұлттар мен ұлыстардың, этностардың тарихи мекеніне айналған алтын бесік іспеттес. «Бірлігі жоқ ел тозар, бірлігі күшті ел озар» деген қазақ мақалы бар.  «Қырғыз, қазақ — бір туған», «Өзбек — өз ағам», «Түбі бірге түрікмен» деп қырғыз, өзбек, түрікмен және өзге ұлттарды ынтымақтастыққа шақырып, бауырмалдық танытып келе жатқан қазақ үшін өзге ұлттарды құрметтеу оның салт-санасын қадірлеу мақсатында 1995 жылы 18 қазанында 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды.

Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.  Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің  бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. 

Қазақ халқы қашанда «Жүз теңгең болғанша жүз досың болсын», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Жолдас көптің - олжасы көп» сынды достық пен татулыққа үндейтін мақалды басшылыққа алатын ел.

 Дегенмен де, русофобияның туындауына Ресейдегі белгілі тұлғалардың ресми ақпарат құралдарында берген сұқбаттары мен айтқан сөздері Қазақстанда русофобиялық көзқарастардың қалыптасуына біршама ықпал етті.

Олардың көбі бұрыңғы Ресей думасының вице-спикері, ЛДПР партиясының жетекшісі В.Жириновский, Нокиновтар мен Солженицындар ушықтыра түсті. Мұндай сөздерге, мәлімдемелерге қазақ билігі де, халық та өзінің қарсылығын білдірді. Бұл заңды құбылыс.

Алайда, бұл барлық орыс ұлтының өкілдерін жаппай жек көру дегенді білдірмейді. Қазақ зиялылары Пушкинді, Есенинді, Лермонтовты  Маяковскийді оқып, Абай мен Достоевский арасындағы достық қатынасқа тәнті болып өскен. «Қазақ әдібиеті» газетінде жазушы Өмірзақ Мұқайдың «Русофобия: себептер мен салдар» атты мақаласында «Орыстың офицері болған Шоқан Уәлихановтан қалған «егер француздар орыстарды соқса, орыс жағына шығам, ал орыстар қазақтарды соқса, қазақтың жолында өлем» деген сөз бар. Русофобияның қайдан, қалай туындайтынын ұлы Шоқан осыдан бір жарым ғасыр бұрын-ақ айтып кеткен» дейді.

Дәл қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстанның көпвекторлы саясат ұстанып өз саяси жолын дұрыс таңдауы қауіпсіздігі мен болашағы үшін кепіл болары сөзсіз. Елімізде 3 млн-нан астам орыс ұлтының өкілі бар десек, олардың барлығы тәуелсіз еліміздің кемел келешегі үшін еңбек етіп келеді. Саяи сахнада, мәдениет, білім, ғылым, медицина, технология, спорт саласында да табыстарға жетіп жатқанын көзіміз көріп отыр. Әлемдік додада Г.Головкин, О.Шишкина, Н.Рыпакова, И.Ильин сынды азаматтарымыз Қазақстанның туын көтеріп, әнұранын талай шырқатқаны есімізде. Саясаттың төрінде Н.Деменьтева, Г.Шиповских сынды депутаттарымыз Парламент төрінде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Комсомольская правда»  басылымына берген сұхбатында: «Шын мәнінде қазақстандықтар этникалық тегіне қарамастан, өзін бір халық, бір ұлт ретінде сезінеді. Қазақстанда "ұлттық азшылық" түсігіні жоқ. Елде 3,5 млн орыс тұрады және олардың жалпы халық санындағы үлесі 19 пайызға тең. Біздің елде тұрып жатқан орыстар халқымыздың ажырамас бір бөлігі, олар барлық құқықын еркін қолданады. Жуырда шетелдік аналитикалық материалдардың бірінен "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген тіркесті көзім шалып қалып, өзіміздің идеологтар мен аналитиктерге мұндай тіркесті қолдануға еш болмайтынын, бұл шынайы жағдайға қайшы екенін ескерттім. Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына орыс ұлтынын қосқан үлесі мол. Оны ұмытуға болмайды», деген еді.

Орысымен орысша, қытаймен қытайша, французбен французша, ағылшынмен ағылшынша, қазақпен қазақша сөйлей беретін, тәжірибелі дипломат, Президентіміз Қ.Тоқаев кез келген саяси мінберде өзін жоғарыдан көрсете алатын тұлға.

Әлемдік саясаттың жілігін шағып, майын ішкен Президентіміздің әрбір сөзін елдің келешегін болжап айтып отырғандығын мойындауымыз керек. Берекесі кеткен елдең болашағы болмайды.

Ұлттың ұлылығы өзгені құрметтей отырып, өзінің ана тілін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін мойындата білуде. Көшеге шығып ұран салып, шеру жасап, шерік құрғанмен мемлекеттің тұтастығына тіпті тұғырына қауіп төндіреді. Айқайшыл, ұраншыл ұлттардың кейпін бәріміз көріп, байқап отырмыз. Қазақпарат Агенттігінің мәліметіне сүйенсек,» Мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі - 92%. Мұндай деректер Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында жазылған». Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, былтыр мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тілді контенттердің үлесі 83%-ға жеткен.

 Өткен жылғы мониторинг нәтижесіне сай, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық компаниялардағы құжаттардың 96,5%-ы мемлекеттік тілде жүргізілген.

«Ресми мәліметтер бойынша түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 72%-і, ұйғырлардың 71,7%-і, қырғыздардың 58,5%-і қазақ тілін сөйлеу тілі деңгейінде, ал 12%-і қазақша оқып, жаза алатын жоғары деңгейде меңгергені анықталды. Славян диаспорасы ішінде орыстардың 25,1%-і, украиндардың 23,7%-і, белорустардың 22,8%-і, поляктардың 22,1%-і, сондай-ақ, неміс диаспорасының 25,2%-і ауызекі қазақ тілін түсінеді. Аталған диаспоралар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндер үлесі – 2,9%-ті құрайды», - делінген тұжырымдамада.

Бұл мәліметтерге сүйене отырып еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге деген талпынысын байқауға болады. Ұзақ мерзімді жоспар құра отырып, өзге ұлттардың балаларын өз Отаны Қазақстанды сүюге тәрбиелеу қажет.

Осы мақсатта елімізде жыл сайын ашылып жатқан қазақ мектептерінің, қазақ әдебиеттерінің саны артып келеді. Өзге ұлт өкілдері қазақтың қара домбырасында ойнап, әнімізді айтып, салт-дәстүрімізді сыйлап жатқандары қаншама. Мұның барлығы халқымыздың бейбіт көзқарасы мен мемлекеттің дұрыс саясатының арқасы.

Әрине, русофобияны қоздырып, өзін-өзі әйгілеуге тырысатын белсенділер де баршылық. Демократиялық жолды тағдаған Қазақстанның алар асуы мен бағындырар белесі мол болмақ.

Ал дамыған мемлекетке жету үшін Қазақстан халқының ұлтаралық бірлігі аса маңызды роль атқарады. Енді ұлт болып ұйысып, ел болып жиылып, еңсемізді тіктеп, қасиетті шаңырағымызды тұғыры болып табылатын уығы бола білу біздің парызымыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға