Қазақстанда АҚШ университетінің филиалы ашылып, авиация мамандары даярланады

Қазақстанда АҚШ университетінің филиалы ашылып, авиация мамандары даярланады
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда авиация саласына мамандар даярлайтын америкалық Kent State University университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр.

Жаңа білім беру орталығы Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін ұшқыштарды, әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін және инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға бағытталмақ.

Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова мен Kent State University университетінің атқарушы вице-президенті әрі проректоры Мелоди Танкерсли бастаған америкалық делегацияның кездесуінде талқыланды.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар Қазақстанда университет филиалын ашу жөнінде уағдаласты. Жобаның нақты тетіктері алдағы уақытта сарапшылар деңгейінде пысықталады.

Айта кетейік, Kent State University авиация саласына мамандар даярлауда тәжірибесі мол жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің жеке әуежайы мен оқу-жаттығу ұшақтары бар. Сонымен қатар авиациялық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен.

Болашақ филиал Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы өзге елдердің де авиация саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Оқи отырыңыз