Жаңалықтар

Қазақстанда АЭС салса, Балқаш Арал теңізінің күйін кешпей ме?

Қазақстанда АЭС салса, Балқаш Арал теңізінің күйін кешпей ме?
Фото: © Pixabay.com 21.12.2023 15:00 3637

Сарапшылар Қазақстанда АЭС жобасының артықшылықтары мен қауіпсіздігі жөнінде талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде 2024 жылы АЭС жобасының құрылысы референдум арқылы шешіледі.

Қазақстанға АЭС не үшін керек?

АЭС – электр энергия қуатын өндіретін станция.

Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова Қазақстанда АЭС салу мәселесі көптеген жылдар бойы талқыланып келе жатқанын, бірінші техникалық экономикалық негіздеме 1997 жылы әзірленгенін атап өтті.

Қазақстанның болжамды энергия балансында 2035 жылға қарай АЭС салу жоспары болды.

Еліміздің энергия тұтыну көлемі өсіп жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы станциялардың көбісі тозған. Осыған орай Қазақстанда 18ГВт-тан жуық станцияларды салу керек. Оның ішінде көмірмен де, газбен де жұмыс істейтін станциялар болады. Қазіргі таңда Қазақстанда 142 жаңартылған обьектілердің көздері жұмыс істеп жатыр. Елімізде жыл сайын энергия тұтыну көлемі 3 пайызға өсіп келеді. Барлық парниктік газдардың шығындарынан 80 пайызы  энергетика секторынан шығады. Сол себептен осындай көміртекті шығындарды азайту үшін АЭС-ті салу мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді Гүлмира Мұрсалова.

Бүгінде дүние жүзінде 412 реактор жұмыс істейді. Бір АЭС-те бірнеше реактор жұмыс істеуі мүмкін. Мәселен, бір АҚШ-та 93 реактор жұмыс істеп тұр. Франциядағы 56 реактор елдегі бүкіл энергияның 70 пайызын өндіріп отыр.

Түркия, Араб әмірліктері, Өзбекстан сияқты елдер АЭС- тің құрылысына кіріскен.

«Қазақстанда жасалған ядролық отынды Қытайдағы АЭС-те пайдаланады»

Энергетика министрлігі өкілінің сөзінше, Қазақстанның АЭС салу үшін тәжірибесі жеткілікті.

Мысалы, Қазақстан әлемде уран өндіретін алдынғы қатарлы ел. Өскемен қаласында Өңдеу металлургия зауытында дайын ядролық отын дайындалады. Бұл ядролық отын Қытайдағы атом электр станцияларында пайдаланылады. Осыған қарап-ақ, біздің мамандардың деңгейі жоғары деп айта аламыз, - деді Мұрсалова.

Сонымен қатар, Қазақстанда екі зерттеу ұйымы бар. Олар Курчятов және Алматы қалаларында. Гүлмира Мұрсалованың сөзінше, тіпті шетелдік мамандар ядроларына зерттеу жасау үшін Курчятов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың көмегіне жүгінеді. Онда екі реакторды пайдаланады. Алматы қаласындағы Алатау өңірінде Ядролық физика институты орналасқан. Онда бір зерттеу реакторы жұмыс істейді.

Балқаш көлі Арал теңізінің күйін кешпей ме?

Бұған дейін Атом электр станциясы үшін таңдалуы мүмкін жерлердің бірі ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы аталды. Бұл өңірде Балқаш көлі бар. Жергілікті тұрғындар егер Балқаштың жанына АЭС салынса, «Балқаш көлі Арал теңізінің күйін кешпей ме?» деп қауіптеніп отыр. Себебі бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Балқаш көлі 8 метрге дейін төмендеп кеткені жөнінде хабар тарады. Мамандар осы мәселе бойынша да жағдайды түсіндірді.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин АЭС-тің салқындату мұнараларына – 63 млн текше метрге дейін су керектігін, жылына көлдің булануы 18 текше шақырым екенін атап өтті. Яғни, бұл көлдегі буландың 0,3 пайызы.

Эколог Азаматхан Әміртайдың сөзінше, бүгінде Қазақстан 80 пайыз энергияны көмір отынынан алып отыр. Көмір ең үлкен – СО2-ні ауаға лақтыратын отын көзі. Бұл Қазақстан 322 мың тонна СО2 шығарып отыр деген сөз.

Оны қалай азайтамыз? Су, жел және күн сәулесі арқылы келетін энергиялар өндірістік энергия емес. Сондықтан бізге өндірістік энергия керек. Сол себептен Қазақстанға АЭС салу керек екенін көріп отырмыз. АЭС – жасыл энергия болап саналады. Халықаралық сарапшылар АЭС-тің энергиясы қауіпсіз дейді, - деді Азаматхан Әміртай.

Эколог Қазақстандағы АЭС-ке байланысты радиофобияға тоқталды.

Ол Семейдегі жағдайға және Чернобыльдегі мәселелерге байланысты радиофобия пайда болған. АЭС энергиясы бейбіт атом болып саналады. Ондағы қуат байыту көзі 4 пайызға ғана жүреді. Мысалы, ядролық бомбада 96 пайыз болса, мұнда 4 пайыз. Ол тек энергияны өндіріп шығаруға керек. сонымен қатар, Қазақстанның таңдаған технологиясы су қысымымен жасалатын техника, - деді ол.

Әлемде су қысымымен жасалған 360 АЭС бар. Маманның сөзінше, соңғы 60 жылда ешбірінде апат болмады. АЭС – ең негізгі және ең қауіпсіз энергия көзі. Бізге бір АЭС емес, бес АЭС керек. Ол АЭС салу арқылы су тапшылығын шешуге болатынын түсіндірді.

Себебі еліміздің оңтүстігінде энергия тапшылығы бар. Солтүстікте қыс мезгілінде Ресейден 6-7 есе жоғары бағада сатып аламыз. Қырғызстанмен су мәселесі бар. Егер бізде энергия болса, біз оларға энергия береміз. Олар бізге су береді. Егер АЭС-те үшінші контурды іске қосатын болса, онда ол кезде судың керегі болмай қалады, себебі өз салқындатып, буландырады, - деді Азаматхан Әміртай.

 

АЭС құрылысына 15 млрд доллар керек

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин АЭС жобасы үшін бастапқыда Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы облысы қарастырылғанын айтты.

Бүгінде референдум нәтижесімен жобаға рұқсат берілсе, Алматы облысы Үлкен ауылы таңдалып отыр. Оның қуат көзі 2800МВТ болады және 2 блоктан тұрады деп көзделген. Жантикиннің сөзінше, құрылыс бойынша барлық заңды құжаттар әзірленген. Сонымен қатар, АЭС жобасының құрылысына 15 млдр долларға дейін қаржы жұмсалуы мүмкін деп топшалап отыр. Ал оның эксплуатациясы 2035 жылға дейін болмақ.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға