Жаңалықтар

Қазақстанда 540 мың көпбалалы отбасы бар. Олар мемлекеттен қандай көмек алады?

Қазақстанда 540 мың көпбалалы отбасы бар. Олар мемлекеттен қандай көмек алады?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 16.11.2023 15:39 1331

Елімізде 540 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар экономиканың жағдайына байланысты жыл сайын жаңартылып отыратынын айтты, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, ел бойынша жалпы 2,5 млн-ға жуық балалы отбасы тиісті мемлекеттік жәрдемақы алады.  Бұл – мемлекет тарапынан бөлінетін 7 түрлі жәрдемақы. Оған мемлекет бюджеттен 2023 жылы 1,3 трлн теңге бөлінді. 2022 жылы – 900 млрд теңгеден астам, 2021 жылы 600 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Бірінші кезекте, әйел азаматтың жүктілігі мен босануына байланысты жәрдемақы, жалпы жәрдемақының орташа көлемі 1,2 млн теңге, бұл – бірреттік төлем. Сонымен қатар баланың тууына байланысты жәрдемақы болады. Ол республикалық бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Мысалы, 2022 жылы 470 мың жанұяға төленген. Кемінде төлемақы мөлшері 131 мың теңгені құрайды. Биыл жоспар бойынша 420-430 мың азаматқа төленеді деп көзделген, – деді спикер. 

Сондай-ақ, бала күтімі бойынша, көп балалы отбасыларға, қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына да  мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Вице-министр соңғы санаттың параметрлері Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты өзгергенін жеткізді.

Маңызды бағыттардың бірі – көп балалы отбасылар, кәмелеттік жасқа толмаған 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырғандар. Мемлекет тарапынан әр балаға 13 800 теңге беріледі және баланың санына қарай ай сайын төленеді. Көп балалы отбасылар – 540 мыңға жуық жанұя бар. «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған аналар бар, 6-7 бала тәрбиелеп өсірген. Оған да ай сайын 25 мың теңгеге дейін қаражат төленеді. Өмір бойы төленеді, – деп мәлімет берді вице-министр. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі балалы отбасылар, олардың тәрбиесі, әл-ауқаты мемлекет тарапынан әрқашан бақылауда болатынын, оларға тиесілі жәрдемақылар заман талабына, азаматтардың әл-ауқатына, экономиканың жағдайына байланысты қайта қаралып, жаңартылып отыратынын жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға