Қазақстанда 2025-2026 оқу жылы мәресіне жетіп, ел бойынша шамамен 4 миллион оқушы жазғы демалысқа шықты. Үкімет отырысында бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 25 мамыр күні еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаттары өткізіліп, оқу жылы ресми түрде қорытындыланды.
Биыл Қазақстан мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алған. Оның ішінде 343 мың оқушы 9-сыныпты аяқтаса, 215 мың түлек мектеппен қоштасып, 11-сыныпты тәмамдап отыр.
Сонымен қатар, үздік көрсеткішке үміткер түлектер саны да белгілі болды. Биыл «Алтын белгіге» 13 175 оқушы үміткер болса, 11-сынып бойынша «Үздік аттестатқа» 18 555 оқушы, ал 9-сынып бойынша 31 181 оқушы үміт артып отыр.
Тек мектептер ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да оқу жылы аяқталды. Елдегі 763 колледжде 168 мың студент оқуын тәмамдайды.
Министрдің мәліметінше, 29 мамыр мен 15 маусым аралығында 9 және 11-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауы өтеді. Емтихандардың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету үшін барлық емтихан материалдары білім беру ұйымдарына тікелей емтихан күні жеткізіледі.
Сондай-ақ мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібі де қатаң бақылауға алынбақ. 11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі 17-18 маусым күндеріне жоспарланған.
Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу тапсырылды. Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды, – деді министр.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлескен бұйрық қабылдаған. Әкімдіктерге бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.