Қазақстанда алдағы жылдары ірі жол инфрақұрылымы жобалары жүзеге асырылады. Үкіметтің 2026-2028 жылдарға арналған автожол саласын дамыту жоспары аясында халықаралық көлік дәліздерін жаңғырту, республикалық маңызы бар трассаларды жөндеу және жаңа автомагистральдар салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Биыл 11 мың шақырымнан астам жол қамтылды
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының шамамен 8,9 мың шақырымы жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен қамтылған. Ал барлық деңгейдегі жолдарды қоса есептегенде бұл көрсеткіш 11 мың шақырымнан асады.
Еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – ұзындығы 400 шақырым болатын Қызылорда – Жезқазған автожолы. Қызылорда облысындағы 192 шақырымдық учаскеде реконструкция толық аяқталып, қозғалыс ашылды. Ал Ұлытау облысындағы 208 шақырымдық бөлікте құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта нысанда 6 асфальт-бетон зауыты жұмыс істейді. Сонымен қатар 600-ден астам техника мен мыңнан астам маман жұмылдырылған.
Бірқатар маңызды жобалар бар
Ұзындығы 234 шақырым болатын Ақтөбе – Ұлғайсын тасжолында да құрылыс қарқыны артқан. Соңғы екі жылда жобаға тартылған техника саны 102-ден 368-ге дейін көбейсе, жұмысшылар саны 115-тен 499 адамға жеткен.
Сонымен қатар Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы жалғасуда. Жобаға 290 маман мен 86 техника тартылған. Көпір мен оған жалғасатын жолдардың жалпы ұзындығы 2,7 шақырымнан асады.
Туристер жиі пайдаланатын Өскемен – Рахман қайнары бағытындағы жол да жаңартылып жатыр. Ұзындығы 28 шақырым болатын учаскеде 135 адам мен 65 техника жұмыс істеуде.
Биыл Петропавл – Ресей шекарасы (Қорған бағыты) автожолын аяқтау жоспарланған. Жалпы ұзындығы 30,2 шақырым болатын жолдың 15,3 шақырымы пайдалануға берілген.
Ал ұзындығы 27 шақырым болатын Атырау қаласының айналма жолында екі көпір мен екі жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр.
2030 жылға дейін қандай жаңа трассалар салынады?
Алдағы төрт жыл ішінде елімізде бірнеше стратегиялық маңызы бар автожол жобасы іске асырылады. Олардың қатарында:
- Қызылорда – Ақтөбе;
- Орталық – Батыс дәлізі (Астана – Ырғыз);
- Жезқазған – Қарағанды;
- Сарыағаш, Қызылорда және Рудный қалаларының айналма жолдары бар.
Бұл жобалар өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
4 мың шақырым жол жөнделеді
Қазіргі таңда елімізде жалпы ұзындығы шамамен 4 мың шақырымды құрайтын 126 жол учаскесінде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Негізгі бағыттардың қатарында:
- Жезқазған – Петропавл;
- Алматы – Шелек – Қорғас;
- Атырау – Орал;
- Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы бағыттары бар.
Мамандардың айтуынша, жол инфрақұрылымын жаңғырту көлік қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, өңірлердің экономикалық дамуына да оң әсер етеді.