Қазақстан ЖИ қолдану деңгейі жоғары ТОП-30 елдің қатарына енді

 freepik
Фото: freepik

OpenAI делегациясының Қазақстанға сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен кездесу өтті. Тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруды, ChatGPT Edu құралдарын енгізуді, сондай-ақ студенттер, оқытушылар мен мамандар арасында ЖИ-ді пайдаланудың тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған серіктестіктің алдағы бағыттарын талқылады. Кездесу барысында OpenAI өкілдері Қазақстанда ЖИ пайдаланылуы туралы сараптамалық деректерді ұсынды.

Қазақстан – ЖИ енгізуде өңірлік көшбасшылардың бірі

Еліміз жасанды интеллектті енгізу деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарына кіріп, Орталық Азияның басқа елдерінен айтарлықтай алда келеді: салыстырмалы түрде айтсақ, жаһандық рейтингте Қырғызстан 52-орында, ал Өзбекстан жан басына шаққандағы ChatGPT тұтынушылық нұсқасын пайдалану бойынша әлемдік рейтингте 58-орынға ие болды. Бұл нәтижелер қазақстандық қоғамның озық ЖИ-құралдарын іс жүзінде қолдануға барынша дайын екенін айғақтайды.

Біздің жасанды интеллектті дамытудағы жүйелі бастамаларымыз ең алдымен қоғамның өзінің дайындығына арқа сүйейді. Зерттеу нәтижелері жаңа технологияларға деген қызығушылықты ғана емес, сонымен бірге жасанды интеллектті пайдаланудың орнықты тәжірибелік дағдыларының дамығанын да көрсетеді. Азаматтар қазірдің өзінде жасанды интеллектті білім алу, жұмыс міндеттерін орындау, ақпарат іздеу және контент жасау үшін өздерінің күнделікті өміріне белсенді түрде кіріктіруде. Мұндай жоғары енгізу деңгейі ЖИ-ді білім беруге, бизнеске және мемлекеттік басқаруға интеграциялау, сондай-ақ Қазақстанның өңірдегі технологиялық көшбасшылардың бірі ретіндегі позициясын нығайту үшін қажетті іргетасты қалайды, - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

фото: Gov.kz

«Қазақстан қазірдің өзінде жасанды интеллектті белсенді енгізіп жатқан елдердің бірі болып табылады: мұнда ChatGPT-ді пайдалану деңгейі халықаралық өлшемдер бойынша жоғары, жастар ЖИ-дің белсенді пайдаланушысы, ал жалпы алғанда технологияларды қолдану ерлер мен әйелдер арасында тең бөлінген. Келесі қадам - адамдарға жасанды интеллектпен бұдан да көп пайда алуға көмектесу. Сондықтан, технологияларға қолжетімділік студенттер, оқытушылар және болашақ мамандарға нақты мүмкіндіктерге айналуы үшін, біз жауапты ЖИ-құралдарын педагогтарды даярлаумен, жергілікті енгізумен және нәтижелерді талдаумен ұштастыра отырып, білім беру бастамаларын іске асыруда Қазақстанмен ынтымақтастық орнатып отырмыз» - деді OpenAI білім беру саласындағы халықаралық бағытының жетекшісі Валери ФОККЕ.

Қазақстандағы ЖИ қолдану үрдістері: деректер не дейді?

ChatGPT тұтынушылық нұсқасын пайдалану деректері негізіндегі Қазақстандағы ЖИ құралдарын қолдану талдауы:

Қазақстандықтар нейрожеліні көбінесе практикалық нұсқаулықтар алу (32,8%), мәтіндерді жазу және өңдеу (25%), сондай-ақ ақпарат іздеу (18%) үшін пайдаланады.

Хабарламалардың 42%-дан астамы сұрақтар немесе ақпарат беру туралы сұраныстар ретінде қалыптастырылады. Шамамен 32%-ы белгілі бір тапсырманы орындауға бағытталса, 26%-ы өзін-өзі көрсетуге қатысты.

Енгізудің негізгі пайдаланушылары - жастар. 18-ден 24 жасқа дейінгі топ хабарламалардың 36,2%-ын, ал 25-тен 34 жасқа дейінгілер - 35,8%-ын құрайды. Жиынтықтап алғанда, 18-34 жас аралығындағы пайдаланушылар барлық сұраныстардың 72%-ын қамтиды. Бұл ретте, жастар ЖИ-ді мәтіндермен және мультимедиамен жұмыс істеу үшін жиірек пайдаланса, 25-34 жастағы пайдаланушылар техникалық көмек алу үшін қолданады.

фото: Gov.kz

Әдетте ерлер мен әйелдерге тиесілі есімдері бар пайдаланушылар бірдей дерлік болып шықты.

Айта кетейік, OpenAI өкілдерінің бұл сапары Қазақстанның білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі ұлттық жоба аясында өтіп жатыр. Осы бастамаға сәйкес, еліміздегі 165 мың педагог арнайы білім беру ұйымдарына арнап әзірленген ChatGPT Edu нұсқасына қолжетімділік алады.

Жобаның технологиялық серіктесі — Bilim Group IT-холдингі. Компания OpenAI шешімдерін оқу процесіне кіріктірумен айналысады, сонымен қатар еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні пайдаланудың әдістемелік тәжірибелерін әзірлеуге атсалысады. OpenAI делегациясының Қазақстанға сапары Bilim Group экожүйесіне кіретін Bilim UpSkill жобасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. 

Оқи отырыңыз