Жаңалықтар

Қазақстан жаңартылатын энергетиканы қалай игеріп жатыр?

Қазақстан жаңартылатын энергетиканы қалай игеріп жатыр?
Фото: © Pixabay.com 21.08.2023 19:10 680

Декарбонизацияға және көміртегі ізін төмендетуге арналған әлемдік трендтер аясында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) Қазақстанда белсенді дамып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2013 жылы сол кездегі президент Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама бекітілді. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену деген арман-мақсат болған. Сонымен қатар, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Париж келісімдері шеңберінде климаттың өзгеруіне қарсы күреске қосылды. Осыған байланысты ЖЭК дамытуға бағытталған белсенді қадамдар басталған еді. 

Биылғы жылдың шілде айындағы жағдай бойынша республикада белгіленген қуаты 2527 МВт болатын 133 ЖЭК объектілері бар, олардың ішінде:

– қуаты 1107,5 МВт 48 жел электр станциялары;

– қуаты 1148 МВт 43 күн электр станциялары;

– қуаты 269,605 МВт  39 гидроэлектростанциялары;

– қуаты 1,77 МВт 3 биогаз электр станциялары.

2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 3,35 млрд.кВтсағ (ЖЭС – 1910 млн.кВтсағ; СЭС – 976,3 млн.кВтсағ; ГЭС – 461,8 млн.кВтсағ; БиоЭС – 1,8 млн.кВтсағ) немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 5,8% құрады.

2018 жылдан бастап ЖЭК жобаларын іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Бұл бір жағынан жобалар мен инвесторларды іріктеу процесін ашық әрі түсінікті етуге, екінші жағынан ЖЭК қуатын енгізуден соңғы тұтынушылардың тарифтеріне әсерін барынша азайтуға мүмкіндік беретін неғұрлым тиімді технологиялар мен жобаларға ставка жасауға мүмкіндік берді.

ЖЭК-тен электр энергиясын өндіру бойынша 2025 жылы – 6%, 2030 жылға қарай – 15%, 2050 жылға қарай – 50% (баламалы көздерді ескере отырып) қабылданған нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін, ҚР Энергетика министрлігі 2024-2027 жылдарға арналған аукциондық сауда-саттықты өткізу жоспарын, сондай-ақ 2023 жылға арналған аукциондық сауда-саттықты өткізу Кестесін қалыптастырды. 2027 жылға дейін ЖЭК жобалары үшін аукциондық сауда-саттықа 6720 МВт қою жоспарланып отыр.

2023 жылға арналған аукциондық сауда-саттықты өткізу кестесіне сәйкес аукциондық сауда-саттықтың алғашқы лоттары ағымдағы жылдың 31 тамызы мен 1 қыркүйегінде ГЭС жобаларын іріктеу бойынша өтеді. Бұдан әрі СЭС, ЖЭС және БиоЭС бойынша аукциондық сауда-саттық ағымдағы жылдың қараша айында өтеді. Ашылған қуаттың жалпы көлемі 860 МВт, оның ішінде ГЭС жобалары үшін – 250 МВт, СЭС-100 МВт, ЖЭС – 500 МВт және БиоЭС-10 МВт болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға