Қазақстан ұстаздарының ерекше тәжірибесі деректі фильмге арқау болды

Қазақстан ұстаздарының ерекше тәжірибесі деректі фильмге арқау болды
Фото: Bilim Group

Ұстаздар күні қарсаңында қазақстандық педагогтердің кәсіби тәжірибесі мен білім беру саласына қосып жүрген үлесін көрсететін Mugalim қысқа метражды деректі фильмдер сериясы жарық көрді. Жоба үш өңірде еңбек етіп жүрген мұғалімдердің күнделікті жұмысы, бастамалары және оқушыларына беріп жүрген мүмкіндіктері туралы баяндайды.

Шахмат арқылы баланың логикасын дамытқан

Түркістан облысындағы Шұбарағаш шағын жинақты мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекова шахматты оқу үдерісімен байланыстырып, балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға көңіл бөледі.

Ол шахматты тек ойын ретінде емес, баланың ойлау жүйесін қалыптастыратын құрал ретінде қолданады. Мұғалім оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, ата-аналарды да шахмат ойнауға тартқан.

Ауыл мектебіне жаңа мүмкіндік әкелген мұғалім

Қостанай облысында тұратын Степан Галкин өзі білім алған ауыл мектебіне мұғалім болып оралған. Ауылда шамамен 400 адам тұрса, мектепте 40-қа жуық оқушы білім алады.

Физика және математика пәндерінің мұғалімі ауыл балаларының ғылымға қызығушылығын арттырумен қатар, мектептен тыс орта қалыптастыруға да атсалысады. Оның бастамасымен мектепте баскетбол секциясы ашылып, жергілікті шаруалардың қолдауымен оқушылар түрлі жарыстарға қатыса бастаған.

Фото: Bilim Group
Фото: Bilim Group

Степанның айтуынша, ауыл мектебін дамыту үшін материалдық мүмкіндікпен қатар, сол жерде ұзақ уақыт еңбек етуге дайын мамандар қажет.

Мектептің жұмыс істеуі үшін кадр қажет. Бір жыл істеп, артынан кетіп қалатын мұғалімдер емес, өз ісіне жаны ашитын, шынымен де өзгеріс жасағысы келетін мамандар керек. Сонда ғана біз ортақ күшпен мектебімізді дамыта аламыз, беделін көтере аламыз, – деп бөлісті Степан.

Пікірсайыс арқылы көмектеседі

Сәтбаев қаласындағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Дана Абельдинова оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға пікірсайысты пайдаланады.

Ұстаздық жолда 13 жыл еңбек етіп келе жатқан Дана Абельдинова қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде пікірсайысқа дайындайтын «Көзқарас» дебат клубын құрған.

Фото: Bilim Group
Фото: Bilim Group

Оның пікірінше, пікірсайыс баланы өз ойын нақты жеткізуге, ұстанымын дәлелдеуге және көпшілік алдында еркін сөйлеуге үйретеді. Сонымен қатар оқушыға күрделі жағдайларда шешім қабылдап, түрлі көзқарастарды талдауға мүмкіндік береді.

Баланың үздік маман болуына да, өз ісін нашар атқаруына да титтей болса да мұғалімнің ықпалы тиюі мүмкін. Сондықтан педагог ретінде баланың дұрыс тұлға болып қалыптасуына барынша үлес қосқым келеді. Көкжиегі кең, ойлау қабілеті жоғары, тығырықтан жол таба білетін, өз ойын дәлелдей алатын балалар – ертең елдің тұтқасын ұстайтын азаматтар, – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дана Абельдинова.

«Бұл сандардың артында қарапайым адамдар тұр»

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба білім беру саласындағы цифрлық көрсеткіштердің артында тұрған мұғалімдердің еңбегіне назар аударуды мақсат етеді.

Фото: Bilim Group
Фото: Bilim Group

Компанияның бас директоры Александр Савченко жоба идеясының қалай пайда болғанын былай түсіндірді:

15 жыл бойы біз көбіне сандар арқылы сөйлеп келдік: ондаған мың цифрлық сабақ, миллиондаған қолданушы мен миллиардтаған баға. Бірақ осы сандардың артында әрдайым қарапайым адамдар, ал ең бастысы мұғалімдер тұр. Еліміз олардың бейнесін көріп, үнін естісе екен деген толғаныс нәтижесінде Mugalim жобасы пайда болды. Жұмыс барысында мені ең таңғалдырғаны – педагогтер қиындықтарын сирек сөз етіп, өз оқушылары мен оларға арналған мүмкіндіктер туралы көп айтқаны болды. Олар кімнің қандай жетістікке жеткенін, қайда оқуға түскенін, кім туған ауылына оралғанын сағаттап айта алады. Бұл білім саласы үшін көбірек еңбек етуге итермелеп қана қоймай, мұғалімнің рөліне жаңаша қарауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Үш мұғалімнің тарихы арқылы деректі фильмдер ұстаз еңбегінің бір ғана сабақпен өлшенбейтінін көрсетеді. Бірі – шахмат арқылы баланың логикасын дамытса, екіншісі – ауыл оқушыларына спорт пен ғылымға жол ашып жүр. Ал үшіншісі пікірсайыс арқылы балалардың өз ойын еркін жеткізуіне ықпал етеді. Осы түрлі тәжірибелердің барлығы мұғалімнің мектептегі және оқушы өміріндегі рөлінің кең екенін аңғартады.

Оқи отырыңыз