Жаңалықтар

Қазақстан ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстан ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты
Фото: gov.kz 20.06.2023 22:40 702

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының СІМ кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері халықаралық және өңірлік жағдай бойынша пікір алмасып, Ұйымның ағымдағы қызметінің кең ауқымды мәселелерін және ҰҚШҰ-дың сыртқы байланыстарын дамытуға қатысты кейінгі қадамдарды талқылады.

ҚР СІМ басшысы М.Нұртілеу отырысқа қатысушыларды ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы хабардар етіп, Ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтты.

Сыртқы істер министрлерінің кеңесі бірқатар саяси, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай және ғарыш кеңістігінде қару-жарақ бәсекесінің алдын алу жөніндегі мәлімдемелерді де қабылдады.

Отырысқа қатысушылар сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алдағы үш жылдық кезеңге ҰҚШҰ Хатшылығында квоталық лауазымдарды бөлу туралы шешімінің жобасын мақұлдады және ұйымдастыру-қаржылық қызмет саласындағы бірқатар құжаттарды қабылдады.

Минскідегі отырыс дәстүрлі достық сипатта өтіп, тараптар ҰҚШҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамытуды және Ұйымды одан әрі нығайтуды көздейтінін растады.

Іс-шара шеңберінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларын Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қабылдап, олар бірлесіп Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Беларусь Республикасының ҰҚШҰ-дағы төрағалығын ескеріп, Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы 2023 жылдың төртінші тоқсанында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында Минскіде өтетін болады.

ҰҚШҰ 2002 жылы құрылған және халықаралық өңірлік ұйым, әрі оның құрамына Қазақстанмен қатар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретіні белгілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға