Жаңалықтар

Қазақстан - түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отаны

Қазақстан - түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отаны
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 28.04.2023 13:04 1239

Қай кезде де мемлекеттің басты тірегі - халқының бірлігі. Бірлігі жоқ елдің болашағы да жоқ. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген Майқы бидің сөзі қанша ғасыр өтсе де де өміршең.

Айтпағымыз бүгінгі Қазақстан қоғамының басты мұраты саналатын ел бірлігі мен ондағы ұлт пен ұлыстардың ынтымағы. Ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.

Қазіргідей жан-жағымыздағы елдерде тыныштықтың берекесі қашып тұрғанда ел мен жердің тұтастығын сақтап қалу, оны келешек ұрпаққа аманаттау басты мүддеміз болуы тиіс. Еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаевтың көшбасшылығымен біз жаңа заманға бет алдық. Енді түрленген, жаңарған Қазақстан азаматы неден жиренгені жөн. Қандай дағдыны бойына сіңіргені дұрыс болады? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында қоғамдағы пікірлерге шолу жасап көрдік.

Жаңа Қазақстанға - жаңаша шешімдер қажет

Қазақстан - түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отаны

Бүгінде Қазақстан атты алып мемлекетте түбегейлі өзгерістерге бағытталған реформалар қолға алына бастады. Оны күнделікті өмірде анық сезіне бастадық. Қараңыз, қазір елдің бәрі сайлауға қатысқыш болып кетті. Бұрын мұндай демократия болып па еді? Екінің-бірі Парламент Мәжілісінің немесе жергілікті Мәслихат депутаты атануға ниеттенді. Меніңше бұл сайлау туралы заңдардың дұрыс жаққа өзгеруінен деп білемін. Алдағы уақытта бұқараға тиімді өзге де реформалар тезірек осылай жүзеге асса екен, - дейді, алматылық зейнеткер Кәрім Бекұлы.

Елде тыныштық болса, ел басшылығына реформа жүргізуге де мүмкіндік көбірек болары сөзсіз. Себебі елдегі әртүрлі әлеуметтік жағдайларды пайдаланған «жымысқы күштер» түрлі деңгейдегі толқулар ұйымдастыруы, оған сенгіш қоғамның өкілдері «ұлардай» шулап, айтаққа еріп кетуі бек мүмкін. Мұндай бас көтерулер орын алса, реформа жайына қалып, ел дамуы уақыт көшінен қалып қояды.  

Бірлігі мықтының - тірлігі мықты

Қазір біздің қоғамдық кеңістікте экстремизм, терроризм, фашизм, русофобия сынды терминдерді жиі еститін болдық. Жан-жағымыздағы геосаяси жағдайлар да ушығып тұр. Өткен жылғы қаңтар оқиғасында осы тізімдегі терминдердің алдыңғылары көрініс тапты, одан кейін Ресейдегі мобилизация кесірінен орыстардың жаппай қазақ жеріне көшуі белең алды. Осыдан соң қоғамда «русофобия», «орыс әлемі» сынды сөздер жиі айтыла бастады.

Русофобияны бүгінгі күнде екі сарында саралау керек. Біріншісі нақты өмірде, екіншісі әлеуметтік желіде. Себебі екі жағдайдағы азаматтардың пікірі әркелкі. Екіншісіндегі адамдардың пікірлері өткір. «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп, диванда жатып алыстан ой таластырып отыратындар. «Бет көрсе жүз ұялады» демекші, солардың көпшілігімен бетпе-бет келгенде әлеуметтік желідегі «батырлығын» сезіне де алмай қаласың, - дейді Талғат Қапыш.

Шындығында русофобия - бұл халықтың өзін-өзі сақтау инстинктінің көрінісі. «Орыс әлемінің» жанкүйерлері өзге елдің ер азаматтарының елге ағылып келіп жатқанына алаңдаушылық білдірген жазбалары үшін қазақтарды тілдеп жатыр. Сондай-ақ, олар мұны орыстардың қазақтарға барлығын, оқуды, жазуды, тіпті «өркениетті тілде» сөйлеуді үйреткендігімен негіздейді. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деген тәмсілді олар ойларына да алғылары келмей астамшыл түсінікпен өмір сүруде.

Осындай да Кеңес заманындағы «Халықтар достығы» деген түсінікті елімізде қазіргі жағдайға бейімдеп насихаттау қажет пе деген ой да қылаң береді.

«Қазір Тәуелсіздіктің арқасында заман өзгеріп, көптеген ұлт өкілдері қазақша сөйлей бастады. Тіпті олар қазақ тілінде эфирлерді жүргізеді. Осындайда русофобия бар деп айтуға бола ма?» деген сауалымызға белгілі диктор, радио ардагері Аманжан Серіков ағамыз:

Біздің дана қазақта тәлім аларлық тәрбие сөзі аз емес қой. Соның бірі «жолыңды сыйлап, жамбас тартса - жөніңді біліп, ет асатуды ұмытпа» дейді. Қолымыздан келгенше сыйлап келеміз-ау, сыйлаймыз да. Бірақ кейбір ағайындар арамызға «ши» жүгіркенін қоймайды. Тіл қай халықтың болсын жаны ғой, жанымызға жара салмай аялай білсе, біз кімді болсын хан көтереміз. Сыйлағанның құлымыз. Иілгенге қашанда иіліп тұрамыз. Осыны ұмытпасын. Тек шынайы сыйласа екен дегім келеді. Халықтар достығын жалаң сөзбен емес, әр ұлт өкілі өзінің нақты ісімен көрсетіп, дәлелдеп отырса. Өз ұлтын шынайы сүйе білгендерді «ұлтшылсың» деп айыптауға мен қарсымын. Русофобия дегенді бізге сырттағылар таңып отыр. Бұл кеңестік идеологияның жалғасы, әлі күнге дейін солай жалғасып келеді, - деген пікірімен бөлісті.

Оның айтуынша, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренгендері дұрыс, әрбір жердің, әрбір мемлекеттің тілін білуі керек. Ол бізге де, өздеріне де жақсы. Сонда адамдар бір-бірін сыйлай бастайды. Мысалы біз орысша сөйлейміз ғой, ал олар неге біздің тілде сөйлемейді? Сөлеуі керек! Екеуі бірдей болуы керек. Бірақ тілді жетік меңгеріп, мәнерлеп сөйлеуге тырысу керек. Одан артық ештеңе керегі жоқ. Олар тіл арқылы қазақтың салт-дәстүрлерін де білетін болады. Тіл үйренгендерді барлық жерде көрсетіп, насихаттай беру керек. Халықтың тілімен бірге неше түрлі дәстүрлерді меңгергендерін көрсетіп, қызықтырса, сонда басқа адамдар да саналы түрле үйрене бастайды. Яғни тілді білсе, салт-дәстүрді үйрену де оңай болады. Кейбіреулер оларды бөлектейді. Бұл дұрыс емес. Адам баласы болған соң бәрін үйренеді.

Қазақ жері - бірлік пен татулықтың мекені

Қазақстан - түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отаны

Қазақ елі бірнеше жылдар бойы түрлі ұлт өкілдерінің Отаны. Олар Қазақстанды туған жерім деп, қазақ халқын туғанындай жақсы көреді. Бір қуанарлығы мұндай пікірдегі өзге ұлт өкілдері жыл өткен сайын көбейіп келеді және жасара түсті. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Асылы Осман, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Татьяна Бурмистрова, журналист, қазақ тілінің жанашыры Алла Платоновалар бар.

Қазір әлемде геосаяси жағдайлар күрделеніп кетті. Оның салқыны бізге де әсер етуде.

Азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз болуы тиіс. Еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш жігерімізді сала отырып, еңбек ету біздің басты парызымыз деп білемін. Қазақ жері - бірлік пен татулықтың мекені, - деп жауап берді Алла Сергейқызы.

Алланың пікірін, Қазақстанға өткен жылы келген филолог Людмила Малахова да қуаттады. Ол Қазақстаннан тыныштық тапқаныма қуанады. Өзі Ресейдің Астрахан өңірінен.

Біз ұлтқа бөлінбей, түсіністікпен өмір сүріп жатқан едік. Ол жақта қазақтар көп тұратындықтан қазақ тілін бала кезімнен аулада үйреніп өстім. Тек қолданыс аясы тар болды. Сөйлемедік, ұмытылып қалды. Енді бұл әуезді тілдің Отанына келіп, оны молынан естіп, түсініп жатырмын. Болашақта мен өзімді Қазақстанның патриоты боламын деген сенімдемін. Сол үшін де қазақ тілін тереңдетіп үйренудемін, - дейді Людмила.

Халқымызда «жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген даналық сөз бар. Бір-бірімізді барынша түсініп, қолдан келгенше сыйласып ғұмыр кешкенге не жетсін.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғым келеді. Қасақана арандату басталған жерде, сөз бостандығы мен пікір алуандығы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бұл қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, мемлекеттің тұғырын шайқауға әрекеттену деген сөз. Бізге ел бірлігі ауадай қажет», - деген болатын.

Ендігіде Қазақ елінің үлкені мен кішісі өткен тарихты біліп, береке-бірлікте болып, келешекке қорқынышпен емес, үмітпен қарай отырып, еліміздің мол мүмкіндіктерін орнымен пайдаланып, ғұмыр кешсе дұрыс болар еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға