Жаңалықтар

Қазақстан Түркияның зардап шеккен аудандарына дәрігерлер жіберуге дайын - Ажар Ғиният

Қазақстан Түркияның зардап шеккен аудандарына дәрігерлер жіберуге дайын - Ажар Ғиният
Фото: aa.com.tr 07.02.2023 17:01 957

Қазақстан Түркияның зардап шеккен аудандарына жіберу үшін дәрігерлер бригадасын құрып, дайын отыр. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің ауқымы мен көптеген адам шығыны бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, әрқайсымыздың өзегімізді өртеді.

Медицина қызметкерлері табиғи апат салдарынан қаза тапқан азаматтар үшін бауырлас түрік халқының қайғысына шын жүректен ортақ.

Құлаған ғимараттардың астында қалған адамдардың тезірек құтқарылуын, жараланғандардың сауығуын және қираған қалалардың қалпына келтірілуін тілейміз.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Түркия Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланыста және бірінші кезекте біз апаттан зардап шеккендерге медициналық және дәрілік көмек көрсетуге дайын екенімізді білдірдік.

Қазіргі уақытта Түркияға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар құтқарушылар жасағы ұшып кетті.

«Медициналық көмекті күшейту қажет болған жағдайда Қазақстан тарапынан Түркияның зардап шеккен аудандарына жіберу үшін дәрігерлер бригадасын құрып, дайын отырмыз»,-деді министр.

Айта кетейік, Осыған дейін қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына қонғанын хабарладық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға