Жаңалықтар

Қазақстан туралы «бейбітшілік елі» деп айтамыз – Египет елшісі

Қазақстан туралы «бейбітшілік елі» деп айтамыз – Египет елшісі
Фото: muftyat.kz 21.03.2023 09:43 1461

Египет Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Яхия аш-Шиннауи ханыммен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Қазақстан туралы алғашқы әсеріңіз қандай болды?

– Қазақстан Орталық Азия елдері ішіндегі ең қуатты экономикасы бар, жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған ел. Біз оны жақсы білеміз. Египет Араб Республикасының Қазақстандағы Елшісі болып тағайындалғанымда өте позитивті сезімде болдым және осы елге Елші болып тағайындалғанымды әрине оң қабылдадым. Келгенімде Қазақстанның Орталық Азиядағы ең қуатты экономикасы бар, оңтүстігі мен солтүстігінің, шығысы мен батысының табиғи айырмашылығы алуан түрлі, экономикалық және басқа да мүмкіндіктері мол ел екенін көрдім. Египетте біз Қазақстан туралы айтқанда бейбітшілік елі деп айтатынбыз. Бұл жерге келгенде 130-дан астам этникалық топтардың бір ел болып, бейбітшілікте өмір сүріп жатқанын көрдім. Өте керемет. Мен Хазірет Сұлтан мешітінде намаз оқимын және осы бейбіт қатынастарды көріп жүрмін. Өткен 14-15 қыркүйек күні Астанада орын алған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайыппен бірге қатыстым. Әл-Азһар шейхы үлкен делегацияны бастап келді. Мысырдың уақыптар министрі де болды. Съезд жұмысына қатысып, көптеген кездесулер өткіздік. Осының бәрі Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін ел екенін көрсетеді. Алдыңғы әсерлеріме Қазақстанға келген соң көзім жетіп, оған оң әсерлер қосылды.

– Египеттің қазіргі кезеңдегі саяси және экономикалық даму қарқыны қандай?

–  Президент Абдулфаттах ас-Сиси билікті қолға алғалы бері Египет экономикалық дамуды бастан кешіп отыр. Президент елдің дамуын қамтамасыз ететін  алып жобаларды бастауға баса көңіл бөлді. Сондай жобалардың қатарына Жаңа Суэц каналын салу, Суэц каналының еркін экономикалық аймағын құру, порттар, басқа да инфрақұрылымдық инвестициялық, сауда жобалары жатады. 20 қала, оның ішінде Каир қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан елдің 4-ші ұрпақ әкімшілік жаңа астанасын салу, Аламейн, Мансура, Думият секілді өнеркәсіп қалалары, өнеркәсіп, қаржы, өнер, білім, мектеп, демалыс орындарын салу қарастырылған. Ауылды жерлерді дамытуға бағытталған  жобалар ауылды жерлерде лайықты өмір жасауға бағытталған. Ауылды жерлерде 50 млн халықтың лайықты өмір сүру жағдайларын жасау қарастырылған. Медицина, дәрі-дәрмек қаласы, 3 мың мектеп салу, ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары, электр қуатын өндіру, Асуан жанында әлемде ең үлкен күн энергиясы станциясын салу. Сонымен қатар жол, көпір, жол тораптарын салу, ауылшаруашылық жобалар қарастырылып отыр.

16 наурыз –  Египет әйелдерінің күні. Осы саладағы жетістіктер туралы айтсақ, бүгінгі таңда үкіметтің құрамында 8 министр әйел, парламенттің 28 пайызын әйелдер құрайды. Әйел істері жөніндегі ұлттық кеңестің 20 жылдығын атап өттік. Әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерін көтеруге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Бұл саладағы еліміздің жетістіктерін мақтан тұтамыз.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бастамаларына қалай қарайсыз?

–  Қазақстан Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың бастамаларын жоғары бағалаймыз. Оның елді жаңалауға жұмсап отырған күш-жігері, бастамаларын халық қолдап, сенім көрсетуде. Президент күшті, парламент әсер ете алатынын, үкіметтің жауапкершілігі мол екенін уақыт көрсетті. Қазақ халқының жүріп жатқан жаңалау жұмыстарына толық қолдауын көріп отырмыз.

Каирдегі Байбарыс мешітін жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

–  Египет пен Қазақстан арасындағы байланыстар туралы айтқанда Байбарыс есімі ойға келеді. Бұл тұлға екіжақты тарихи қатынастардың дәнекеріне айналған. Байбарыс мәмлүк дәуірінің ең атақты, ұлы сұлтаны. Оның жеңістері, атап айтқанда, крестшілерге қарсы Мансура, елхандарға қарсы Айн Джалут шайқастарындағы жеңістері Египетте ұмытылған жоқ. Мешітті жөндеу бойынша Египет Мәдениет министрлігі, Тарихи мұра бойынша ұлттық кеңес, Туризм министрлігі жұмыстарды үстіміздегі жылдың ішінде аяқтайды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң оның қандай екенін көреміз. Бұл үлкен оқиға болады және ашылуына қазақ тарапы жоғары деңгейде қатысады деп күтеміз.

– Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың бүгінгі таңдағы жағдайы қандай?

Өткен жылы Египет пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 30 жылдығын атап өттік. 

2016 жылы Египет Президенті Абдулфаттах ас-Сиси Қазақстанға ресми сапармен келіп, екіжақты қатынастар тарихындағы жаңа кезеңді бастап берді. Сапар қорытындысы бойынша екі ел Президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады. Мысыр тарапы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімге, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Жарғысына қол қойды (2018 жылдың маусым айында осы Ұйымның жарғысын бекітті). Сондай-ақ, тараптар екі елдің Іскерлік кеңестері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, «Қазақинвест» пен Мысыр фармацевтикалық компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Екіжақты қарым-қатынастар дамыған, оның ішінде түрлі салаларда байланыстар орнатылған. Египет Қазақстанның Африка құрлығындағы басты экономикалық әріптесі. Екі ел арасындағы сауда байланыстарын дамытуға мүдделіміз. Египет Қазақстан үшін Африкаға кірер қақпа болса, Қазақстан Египет үшін Орталық Азия елдеріне апарар қақпа. Биыл Египет-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысы болады. Туризм саласындағы байланыстар ерекше дамып отыр. Соңғы кезеңде Египетке барған қазақстандық туристердің саны жылына 150 мыңға жеткен, көпшілігі Шарм аш-Шейхке барады. Қазақстанның түрлі қалаларынан аптасына 14 чартерлік рейс Шарм аш-Шейхке қатынайды. Оған қосымша «Эйр Каиро» әуе компаниясы Астана мен Алматыдан аптасына төрт рет қатынайтын болады. Бұл екі ел арасындағы  түрлі салалардағы қатынастарды одан әрі дамытады деп сенеміз.

Сонымен қатар, әл-Азһар, Уақып министрлігі мен Қазақстанның муфтияты арасында тығыз байланыстар орнатылғаны атап өтерлік. Имамдар мен уағыз айтушылар үшін дайындық курстары онлайн түрде тұрақты жүргізіледі. Екі ел арасында парламенттік тығыз байланыстар орнатылған. Қазақстан мен Египет жоғарғы палаталарының арасында Парламентаралық достық тобы құрылған. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өткен жылы Каирге ресми сапармен барды. Бұл саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ұмтыламыз.

 Космосты игеру және т.б. салаларда ынтымақтастық орнатылған. Жоғары білім, оның ішінде теологиялық білім беру саласында ынтымақтастық жалғасып отыр. Әл-Азһар университетінде көптеген қазақ жастары білім алып жатыр.

Египеттің Сыртқы істер министрлігінің Даму жолындағы әріптестік агенттігі аясында Қазақстанмен тығыз байланыс орнатылған. Осы ұйым ұйымдастырған түрлі курстарға Қазақстанның үкіметтік мекемелерінің мамандары қатысады. Мысалы, заңсыз миграция адам саудасына қарсы күрес курсына үш қазақстандық бара жатыр.

Екі ел арасындағы бауырластық байланыстар орнаған Қазақстанды бауырлас ел санаймыз және ол мысырлықтардың жүрегінде  орын алғанын әрдайым айтамыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға