Жаңалықтар

Қазақстан студенті Берлинде ұлттық ойындарды таныстырды

Қазақстан студенті Берлинде ұлттық ойындарды таныстырды
Фото: gov.kz 23.11.2023 01:34 546

Еуразия ұлттық университетінің магистранты Айнұр Полатова ұлттық мәдениетті шетелде кеңінен насихаттап, өзінің «Talapai» бірегей жобасын табысты жүзеге асыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол Германияда Bazaar Berlin халықаралық көрмесінде қазақтың ұлттық ойындарын таныстырды.

Айнұр Полатова Еуразия ұлттық университетінде қазақ филологиясы бағытында магистратураның 2 курсында оқиды. 2022 жылы талантты жас «Талапай» стартапын құрып, ЕҰУ бизнес-инкубатор байқауында ақшалай сыйлықты жеңіп алды. «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» ұлттық ойындары шетелдіктер арасында қазірдің өзінде танымал. Бұл жолы ЕҰУ магистранты Германияда өткен Bazaar Berlin халықаралық көрмесіне өзінің жобасын көпшілік назарына ұсынды. Ұлттық ойындар функционалдық сөмке түріндегі ерекше дизайнмен жасалған.

«Мен шетелдіктерді қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырғым келеді. Көрме барысында келушілердің ұлттық ойындарымызға деген қызығушылығы жоғары болды. Қонақтар стратегиялық ойлау мен коммуникацияны дамытуға арналған ойындардың пайдасын атап өтті. Ойындар жасалған дизайн мен материал да жоғары бағаланды. Менің жобама бір жыл болды. Осындай қысқа ғана мерзімде жақсы нәтиже көрсетіп, мол тәжірибе жинақтадым деп есептеймін», – деп бөлісті Айнұр Полатова.

Енді ЕҰУ магистранты Франкфуртте ашылатын шығармашылық хабта өз жобасын таныстыруға дайындалып жатыр.

Сонымен бірге Айнұр Полатова - ерекше қазақ элементтері бар сөмке дизайнының авторы. Оған Louis Vuitton компаниясы қызығушылық танытып, қазақстандық нәзік жанды Парижге арнайы шақырған

Айта кетейік, биыл Bazaar Berlin халықаралық жәрмеңкесіне әлемнің 56 елінен 500 өндіруші қатысты. Ауқымды іс-шарада бірегей өнімдер мен бұйымдар ұсынылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға