Жаңалықтар

Қазақстан соттары толыққанды тәуелсіз емес – Абзал Құспан

Қазақстан соттары толыққанды тәуелсіз емес – Абзал Құспан
Фото: ©El.kz/Амангүл Тілейқызы 14.06.2024 12:01 341

Депутат Абзал Құспан Мәжіліс кулуарында кассациялық сот арқылы тараптар өздерінің негіздерін айта алатынын, өңірдегі соттар шығарған шешімнің заңдылығын жоғары деңгейде қайта қарастыруға мүмкіндік туатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісмен көптеген шалғай ауданда судьялар жетіспейтінін де тілге тиек етті.

Судья болуға мүдделі адамдар өте аз. Көп жағдайда біз олардың біржақты қызметін сынап жатамыз. Алайда қарапайым судьялардың жұмысының ауыр екендігін көбісі біле бермейді. Қылмыстық іс бойынша істі болғандардың ешбірі судьяға алғыс айта бермейді ғой. Ол жағы да бар. Сол себепті көп адам судья болуға құлықты емес. Сондықтан оларды конкурстың ауыр талаптарынан құтқарып отырмыз. Шалғай аудандарға бармай жатқан судьялар конкурстан өтпеді деп танылса, қайта-қайта конкурс өткізе бергенше, сот төрелігі академиясын бітірген түлектерді Жоғарғы соттың кеңесінің ұсынысымен тікелей тағайындауды енгізіп отырмыз. Бұл біздің амалсыздан барып отырған шарамыз, – деді депутат Абзал Құспан.

Бұдан өзге депутат Қазақстан соттарын қазір толыққанды тәуелсіз деп айта алмайтынын жеткізді.

Оны менсіз де білесіздер деп ойлаймын. Бірақ біз толық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жоқ дегенде екі нәрсені жасауымыз керек. Біріншісі, толық материалдық қажеттіліктерін өтеу, бұл барлық әлемде бар тәжірибе. Біз оны ойдан шығарып отырған жоқпыз. Ешбір адамға патриот бол, судья бол, жауапкершілік арқала деп талап қоя алмаймыз Яғни жалақасы жоғары болуы керек, көлік, тұрғын үймен қамтамасыз етілу жағы шешілуі қажет. Екіншісі, осы кезге дейінгі судьяларды қайтадан аттестациядан өткізуіміз керек, – деді мәжілісмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға