Жаңалықтар

Қазақстан СІМ басшысы Қытай бизнесінің өкілдерімен кездесті

Қазақстан СІМ басшысы Қытай бизнесінің өкілдерімен кездесті
Фото: ҚР СІМ 31.03.2024 03:15 554

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытайға ресми сапары аясында ірі қытайлық компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СІМ мәліметінше, кездесу барысында Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарлар талқыланды.

Қытайлық бизнесмендер Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалармен, инвестициялық саясат пен преференциялармен, сондай-ақ елімізде бизнес жүргізудің артықшылықтарымен танысты.

Қытайдың «Shandong Hi-Speed Group» мемлекеттік ашық инвестициялық компаниясының өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан-Қытай қос сауда-өнеркәсіп паркін салу жоспарлары талқыланды. Қазақстан тарапы осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жобаны іске асыруға жан-жақты қолғабыс көрсетуге дайын екенін білдірді.

ҚХР-дағы ет өндіру және дистрибуциялау жөніндегі 1300-ге жуық мүшеден тұратын ең ірі ұлттық қауымдастығы – «Қытай ет қауымдастығының» басшылығымен Қазақстаннан мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселелері талқыланды.

«East Hope Group» директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсин компанияның Қазақстандағы бірқатар жобаларды іске асыру жоспарларымен таныстырды. Бұл қытайлық компания әлемдегі ең ірі электролиттік алюминий және алюминий тотығын өндірушілердің ондығына кіреді.

Қытайдың іскер топ өкілдері бірлескен перспективалық жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық серіктестермен табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға