Қазақстан шабандоздары Ташкентте топ жарды

 ат спорты федерациясы
Фото: ат спорты федерациясы

Ташкент қаласында өткен Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, бірнеше жүлделі орын иеленді. Үш күнге созылған жарыс барысында қазақстандық шабандоздар тұрақтылық пен кәсіби шеберлігін дәлелдеп, ел қоржынына маңызды жеңістер қосты.

Жарыс алғашқы күннен-ақ қазақстандық спортшылар үшін сәтті басталды. 120 см биіктіктегі маршрутта Бекжан Байжанұлы мәре сызығын бірінші болып кесіп, алтын жүлдені жеңіп алды. Бұл бағытта Олег Соколенко үшінші орын алса, Ислам Исламов (CLASSICA STAR) алтыншы орынға тұрақтады.

140 см биіктіктегі World Cup Grand Prix Qualifier кезеңінде де Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Бұл сайыста Ксения Баталова жеңімпаз атанса, Олег Соколенко екінші орын иеленді. Ал Нұрила Тұрысбекова үшінші орыннан көрінді. Раиса Соколенко бесінші орынға тұрақтады.

сурет: ат спорты федерациясы

Келесі жарыс күндерінде де қазақстандық шабандоздар қарқынын төмендеткен жоқ. Олег Соколенко мен оның тұлпары SHENANIGAN 125 см маршрутта тағы да алтын жүлде жеңіп алып, команданың жалпы нәтижесін нығайтты.

Әлем кубогы кезеңінің кіші шеңбері де қазақстандық спортшылар үшін табысты өтті. Раиса Соколенко – III орын, Даяна Онаева – IV орын, Ислам Исламов – V орын иеленді.

Жарыстың ең шешуші сәті – 155 см биіктіктегі Гран-при болды. Бұл кезең тек жүлде үшін ғана емес, сонымен қатар Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде де маңызды саналады. Қатаң бәсекеде 14 спорттық жұп сынға түсіп, әрбір қателік шешуші рөл атқарды. Нәтижесінде Олег Соколенко мен оның тұлпары CINDERELLA үшінші орынға ие болып, Қазақстан құрамасының табысты өнерін қорытындылады.

Сайыс барысында халықаралық қауымдастық өкілдері де Қазақстан командасының дайындығына жоғары баға берді. Еуразиялық ат спорты қауымдастығының президенті, Ресейдегі ат спорты жетекшісі Марина Сечина:

Қазақстан алғаш рет 40 үздік жылқыны алып келді. Биыл Қазақстан құрамасы өте жоғары нәтиже көрсетіп отыр, – деп атап өтті.

Жалпы, Ташкенттегі турнир Қазақстан үшін тек жеке жеңістер алаңы ғана емес, сонымен қатар команданың тұрақты өсімі мен кәсіби деңгейінің артқанын көрсеткен маңызды жарыс болды. Қазақстандық шабандоздар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, өз әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

сурет: ат спорты федерациясы

Ендігі кезеңде спортшылар Бішкекте өтетін Әлем кубогының жарысына дайындалуда. Бұл кезеңде 160 см биіктіктегі Гран-при сайысы өтпек. Сондай-ақ, 28-31 мамыр аралығында Астана қаласы Әлем кубогы кезеңін қабылдайды.

Аталған турнирлер Қазақстан құрамасына биыл Германияның Аахен қаласында өтетін World Equestrian Games Aachen әлем чемпионатына жолдама алу үшін қажетті іріктеу нормативтерін орындауға мүмкіндік береді.

 

Оқи отырыңыз