Жаңалықтар

Қазақстан Ресейге тұз, макарон және кондитерлік өнімдер экспорттап жатыр

Қазақстан Ресейге тұз, макарон және кондитерлік өнімдер экспорттап жатыр
Фото: gov.kz 02.06.2023 04:44 657

Қазақстан мен Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрлері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ресейлік әріптесі Дмитрий Патрушевпен кездесуінде Қазақстан мен Ресейдің агроөнеркәсіптік кешендегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Кездесу қазақстандық делегацияның Мәскеуге сапары аясында өтті.

Айта кетейік, екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымының серпіні үдемелі өсуді көрсетіп отыр және өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,6 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 24%-ға жоғары. Ербол Қарашөкеев елдердің арасындағы сауданы ұлғайту, оның құрылымын жақсарту, жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қазір Қазақстан Ресейге тұз, макарон және кондитерлік өнімдер мен күрішті экспорттап жатыр. Ал көрші елден негізінен ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, сусындар, шоколад және май сатып алады. 

Сонымен қатар бүгінде мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша өзара шектеулер бөлігінде бірқатар мәселе бар.

Мәселен, АШМ мен Россельхознадзордың Ресейге тұқым материалын әкелуге уақытша шектеулер енгізу туралы кейбір шешімдері отандық бизнесте алаңдаушылық туғызып отыр. Ербол Қарашөкеев бұл жұмыста ЕАЭО шеңберіндегі өзара жеткізілімдер жөніндегі уағдаластықтарды ескеру және әріптестік қағидаттарын ұстану қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, қазір Қазақстан аграрлық ғылымды дамыту және жеке ауыл шаруашылығы бизнесі үшін жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ кездесу аясында министрлер АӨК-ті цифрландыру, мемлекеттік қолдау шаралары және саланы кредиттеу бойынша тәжірибе алмасу мәселесін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы, атап айтқанда агроинновация, аграрлық ғылым, ветеринария, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы бағыттары бойынша ынтымақтастық жөніндегі жеке ведомствоаралық келісімге қол қою мүмкіндігін қарастырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға