Ақорда

Қазақстан Қытайға ақбөкен сыйлайды

17.06.2025 12:33 12783

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1 500 бас ақбөкен (киік) беру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Бұл бастама көрші елдегі сирек кездесетін жануар популяциясын қалпына келтіруді көздейді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қытайдың батыс бөлігінде жерсіңдірілетін ақбөкендер көрші елдегі осы жануардың популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізбек. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан тарабына алғыс білдіріп, Қытайда ақбөкендер санын арттыруға арналған кешенді және жүйелі шаралар қолға алынатынын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстанның кең байтақ даласын еркін мекендейтін киік (ақбөкен) популяциясы соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін өсіп отыр. Екі мыңыншы жылдары жойылып кету алдында тұрған бұл түз жануарларының саны кейінгі 8 жыл ішінде 12 есеге артып кеткен. Осыдан екі жыл бұрын ғана көктемгі әуе санағында киіктердің саны 2 миллионға жуықтап, төлдегеннен кейін күзде 2,6 миллионға жетуі мүмкін деген болжам жасалған.