Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебі ашылуы мүмкін

Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебі ашылуы мүмкін
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін цифрлық экономиканың талаптарына бейімдеп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстанға «цифрлық мемлекет» ұғымынан «цифрлық халық экономикасы» түсінігіне көшу қажет. Яғни жасанды интеллект тек технологиялық жаңалық немесе ойын-сауық құралы болып қалмай, азаматтарға табыс табуға мүмкіндік беретін құралға айналуы тиіс.

Жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жоғары білім саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық талаптарын ескеретін ортақ стандарт қалыптасқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Үкімет осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет. Бұл ретте жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу тек техникалық мүмкіндікпен шектелмеуі керек. Оқушылар мен педагогтер технологияны қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануды үйренуі маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа формация мамандарын даярлау мәселесін орта білімнен бөлек қарастыруға болмайтынын айтты.

Президенттің пікірінше, білім беру жүйесі төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе ретінде қалыптасуы қажет. Осы ретте Мемлекет басшысы мектептегі білім беру мерзіміне қатысты мәселе көтерді. Ол 18 жасқа толған жастардың мектеп партасында отыруы қаншалықты тиімді? деген сұрақ қойды.

Президент мұндай жүйенің Назарбаев зияткерлік мектептері мен жекеменшік білім беру ұйымдарында қалыптасқанын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі балалардың физиологиялық тұрғыдан ертерек жетілетінін ескере отырып, білім беру жүйесінің осы ерекшелікке қаншалықты сәйкес келетінін қарастыру қажет екенін айтты.

Министрлік осы мәселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын, – деді президент.

Сонымен бірге ол Қазақстан Конституциясында жалпыға бірдей білім беру стандарты бекітілгенін еске салып, кез келген өзгеріс кезінде осы талапты міндетті түрде ескеру қажеттігін атап өтті.

Президент қыркүйек айында Жасанды интеллект университеті ашылатынын айтты. Алайда оның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмеуі керек.

Тоқаев Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістіктерін және тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Осылайша, президент білім беру жүйесін еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімдеу, жасанды интеллектіні мектептен бастап оқыту және жастарға заманауи технологияларды кәсіби әрі экономикалық тұрғыдан пайдалануды үйрету қажеттігін атап өтті.

Оқи отырыңыз