Жаңалықтар

Қазақстан қоян-қолтық ұрыс бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті

Қазақстан қоян-қолтық ұрыс бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті
Фото: gov.kz 20.06.2023 03:39 1057

Астанада өткен қоян-қолтық ұрыстан VII әлем чемпионаты Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Спортшыларымыз 21 алтын, 19 күміс және 21 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық бірінші орынды иеленді.

Жарыс елордада 16-18 маусым аралығында өтті. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов біріншіліктің финалдық жарыс күніне арналған салтанатты рәсімге қатысты.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған турнирге 32 елден 400-ге жуық спортшы қатысты. Бұл Қазақстан, Германия, Үндістан, Италия, Испания, Моңғолия, Таиланд, Түркия, Чехия, Швейцария және басқа да мемлекеттер.

Асхат Оралов Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайын толтырған жанкүйерлерді, көрермендер мен жарыстың барлық қатысушыларын айтулы спорт мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, осы кеште алтын медаль үшін күрескен жігіттерімізге сәттілік тіледі.

Қазақстандық қоян-қолтық ұрыс шеберлері жанкүйерлердің үмітін ақтап, жалпы командалық бірінші орынды сенімді жеңіп алды.

«Республикада қоян-қолтық ұрыстың 500-ге жуық секциясы жұмыс істейді, онда 22 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Жекпе-жек түрлері Қазақстанда өте танымал, сондықтан бұл спорт түрінің елімізде болашағы зор деп білемін. Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясына, сондай-ақ бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығына және оның президенті-Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, генерал-майор Сәкен Исабековке айрықша алғыс айтқым келеді. Мұндай турнирлердің спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға қосатын үлесі орасан зор, сондықтан біз осындай жарыстарды елімізде мүмкіндігінше жүйелі түрде өткізу үшін жұмыс істейтін боламыз»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға