Қазақстан қарызды доллармен емес, иенамен алды: мұның қандай пайдасы бар

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Мәжіліс Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен қарыз алу туралы келісімдерді мақұлдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мәжілістің хабарлауынша, бюджет шығындарын жабуға тартылатын қарыздардың жалпы көлемі шамамен 964 млн АҚШ долларын құрайды.

Қарыз қандай мақсатқа жұмсалады?

Мәжіліс «Инклюзивті және орнықты экономикалық өсім» саясатын қаржыландыруға арналған екінші даму қарызы бойынша келісімді ратификациялады. Келісімге 2026 жылғы 20 мамырда қол қойылған. Оның шарттарына сәйкес Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға 11 жыл мерзімге 92,3 млрд жапон иенін (шамамен 389 млн доллар) береді.

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен жасалған келісімге 2026 жылғы 15 маусымда Астанада қол қойылды. Келісімге сәйкес, Қазақстанға 62,4 млрд жапон иенасы көлемінде қарыз беріледі. Қарызды өтеу мерзімі - 11 жыл, оның ішінде 5 жыл жеңілдік кезеңі қарастырылған, - деп жазды Қазақстан Мәжілісі.

Осылайша, Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан экономиканың тұрақтылығын сақтауға және жоспарлы кезеңдегі республикалық бюджет тапшылығын жабуға шамамен 964 млн доллар көлемінде қарыз алады.

TONA деген не?

Қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі TONA көрсеткіші мен өзгермелі спред негізінде есептеледі. TONA – жапон иенасы бойынша банкаралық бір күндік («овернайт») несиелердің орташа құнын көрсететін пайыздық мөлшерлеме.

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік борышы 36,84 трлн теңгені немесе 76,5 млрд долларды құраған. Бірінші тоқсанда елдің міндеттемелері 400 млрд теңгеге өсіп, 36,44 трлн теңгеден 36,84 трлн теңгеге жетті.

Үкіметтің сыртқы борышы шамамен 8,18 трлн теңгені немесе 17 млрд долларға жуық соманы құрайды. Қазақстанның негізгі кредиторлары қатарында халықаралық қаржы институттары бар. Атап айтқанда, ірі қарыздар Халықаралық қайта құру және даму банкіне, Азия даму банкі және Еуропалық қайта құру және даму банкі тиесілі.

Оқи отырыңыз