Жаңалықтар

Қазақстан Олимпиадашылары: 28 жылда 16 алтын

Қазақстан Олимпиадашылары: 28 жылда 16 алтын
Фото: El.kz 21.10.2023 11:03 1460

Қазақстан егемендік алған жылдардан бастап Олимпиада Ойындарына 15 рет қатысып, спорттың сан түрінен сынға түсті. 1994 жылдан бері қазақстандық спортшылар Жазғы және Қысқы Олимпиада Ойындарында барлығы 16 алтын медаль иеленген екен. Халықаралық Олимпиада күнінде El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі төртжылдықтың басты ойындарында жүлде алған спортшыларға шолу жасап көрді. 

Қазақстан ең алғаш рет жеке ел ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллихаммер қаласында өткен Қысқы Олимпиада сынға түсті. Сол жолы Владимир Смирнов шаңғымен классикалық әдіспен 50 шақырымға жүгіруден чемпион атанды. Сонымен бірге ол 10 және 15 шақырым қашықтыққа жүгіруден қос күмісті ел қоржынына салды. Бұл Қазақстанның Қысқы Олимпиададағы ең алғашқы және әзірге соңғы айтулы табысы. 

1996 жылы Атлантада өткен Жазғы Ойындарға Қазақстан құрамасынан 14 спорт түрінен 96 спортшы қатысты. АҚШ-тағы Ойындарда қазақстандықтар 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде иеленіп, жалпы есепте 24 орынға тұрақтады. Грек-рим күресінен Юрий Мельниченко 57 келіде чемпион атанса, бокстан 81 келіде Василий Жиров алтыннан алқа тағынды. Балқаштық спортшы үздік боксшыға берілетін Баркер кубогына ие болды. Бессайыстан Александр Парыгин жекелей сында Олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдеге боксшы Болат Жұмаділов, ауыр атлет, марқұм Анатолий Храпатый және мылтық атудан Сергей Беляев қос медальды қанжығаға салды. Атлантаның қоласын иеленген қазақстандықтар қатарында боксшылар Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов, еркін күрес балуаны Мәулен Мамыров, мылтық ату шебері Владимир Вохмянин бар. 

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Қысқы Олимпиада Қазақстан спортшылары үшін қос қоламен аяқталды. Павлодарлық конькинші Людмила Прокашева әйелдер арасында 5 000 метрге жүрігуден қоланы қанағат тұтса, белгілі спортшы Владимир Смирнов шаңғымен еркін әдіс бойынша 15 шақырымға жүгіруден үшінші орынға қол жеткізді. 

2000 жылғы Сидней Олимпиадасы қазақ жанкүйерлері үшін ұмытылмастай болып қалды. Бокстан төрт бірдей спортшының финалға шығу әлем үшін күтпеген жаңалық еді. Бұл сында еліміз 3 алтын, 4 күміс иеленіп, жалпы командалық есепте 22 орынға тұрақтады. Олимпиада чемпионы атанған спортшылар қатарында боксшылар марқұм Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбыраймов, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигинаның есімі аталды. Ал күміс жүлдеге бокстан Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділбеков, еркін күрес балуаны Ислам Байрамуков, велошабандоз Александр Винокуров қол жеткізді. 

2002 жылғы АҚШ-тың Солк-Лейк-Сити қаласында Қысқы Олимпиада Ойындары біздің спортшылар үшін жүлдесіз аяқталды. 

2004 жылы Афиныда өткен Жазғы Ойындарда Қазақстан халқы алтын медальды жарыстың соңғы күніне дейін сарыла күтті. Ел атынан 119 спортшы аттанған сында тек 8 спортшы ғана жүлдеге қол жеткізді. Олардың ішінде бокстан Бақтияр Артаев Олимпиада алтынына қол жеткізіп, үздік боксшыға берілетін Баркер кубогына ие болды. Бұл Қазақстан спорты тарихындағы ерекше оқиғаға баланған жайт еді. Күміс жүлдеге боксшы Геннадий Головкин, грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев ие болды. Онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің шебері Мхитар Манукян Афины Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 

2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Қысқы Олимпиада Ойындары Қазақстан спортшылары үшін жүлдесіз аяқталды. 67 спортшымыз қатысқан бұл сындағы үздік нәтиже командалық спринт бойынша 6 орын болды. 

2008 жылы Қытайда өткен төртжылдықтың басты Ойындарындағы нәтиже өте тәуір болды. Алтын медаль иеленген спортшымыздың бірі боксшы Бақыт Сәрсекбаев болды. Ауыр атлет Анна Важенинаға Олимпиада алтыны бірнеше жылдан кейін бұйырды. Ол Бейжіңде күміс алғанымен кейін чемпион атанған спортшы допингтен ұсталған соң ресейлік легионерге алтын медаль бұйырды. Асхат Житкеев дзюдодан финалға шығып, моңғол балуанына есе жіберіп күміспен оралды. Ал қола жүлдегер атанған жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен грек-рим күресінің балуаны Нұрбақыт Теңізбаев қола жүлдегер атанғанымен, кейін қарсыластарының допинг дауына ілінуіне байланысты халықаралық олимпиада комитеті тарапынан күміс жүлдегер деп танылды. Ал Қытайдағы Ойындардан қола жүлде таеквондошы Арман Шылманов пен боксшы Еркебұлан Шынәлиевке, әйелдер күресінің балуаны Елена Шалыгина мен еркін күрес балуаны Марид Муталимовке бұйырды. Жалпы, Бейжің Олимпиадасынан кейін араға жылдар салып допингпен айыпталған спортшыларымыз жетерлік. Олардың кері қайтарған жүлдесін есепке қосқан жоқпыз. 

2010 жылы Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада Ойындары Қазақстан үшін биатлоншы Елена Хрусталеваның жалғыз күмісімен тәмам болды. Канадағы додаға 37 спортшы аттағанымен, үмітті тек Ресейден келген легионер ғана ақтады. 

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиаданың дуын Қазақстан халқы бірнеше жылға дейін ұмытыа алмай, әсерінен арыла алмады деуге болады. Бұл сында спортшыларымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль иеленіп, айды аспанға шығарған еді. Алайда кейін ауыр атлеттеріміздің допинг қолданғаны анықталған соң 4 алтын медальды кері қайтарып беруге мәжбүр болды. Лондонда Қазақстан атлеттерінен бокстан Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова жеңімпаз атанды. Жалғыз күміс жүлде 81 келіде шаршы алаңға шыққан боксшы Әділбек Ниязымбетовке тиесілі. Ал қола жүлдегерлер арасында еркін күрес балуаны Ақжүрек Таңатаров, грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, әйелдер күресінен Гюзель Манюрова, боксшылар Иван Дычко мен Марина Вольнова есімі аталды. Сонымен бірге, еркін күрестен Дәулет Шабанбай араға жылдар салып Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері деп танылды. Себебі, оның салмағындағы Олимпиада чемпионы мен күміс жүлдегері допингпен айыпталып, дәлелденді. 

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиададан Қазақстан құрамасына тек жалғыз қола бұйырды. Мәнерлеп сырғанаудан марқұм Денис Тен үздік үштікке еніп, қазақстандық жанкүйлерді қуантты. 


2016 жылы Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өткен Олимпиада Ойындарының нәтижесі еліміз үшін өте жақсы болды. Риода алтын алған қазақстандықтардың қатарында боксшы Данияр Елеусінов, ауыр атлет Ниджат Рахимов, суда жүзуден Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдегерлердің саны Лондон Олимпиадасымен салыстырғанда өте көп болды. Дзюдошы Елдос Сметов финалға шығып, күміске қол жеткізсе, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл да осы межеден көрінді. Еркін күрес балуаны Гюзель Манюрова да екінші орынға тұрақтады. Ал боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит күміс жүлдегер атанды. Қола жүлдегерлер қатарында дзюдошы Отгонцэцег Галбадрах, ауыр атлеттер Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, боксшылар Иван Дычко мен Дариға Шәкімова болды. 

2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада Ойындарында қазақстандық фрийстал шебері Юлия Галышеваның жалғыз қоласымен аяқталды. 

2020 жылы өтуі тиіс болған Токио Олимпиадасы әлемді шарпыған пандемия салдарына араға бір жыл салып өтті. Бұл Олимпиада Қазақстан спортының құлдырағанын анық көрсетті деуге болады. 19 спорт түрінен 93 спортшы қатысқанына қарамастан еліміздің бір де бір спортшысы Олимпиала чемпионы атана алмады. Тіпті күміс жүлдеге қол жеткізу мұңға айналды. Олимпиададан 8 қоламен оралған еліміздің құрамасы жалпы есепте әлем бойынша 83 орында тұрақтады. Олар дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Зүлфия Шиншанло, Игорь Сон, боксшылар Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев, каратешілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцева  және еркін күрес балуаны Нұрислам Санаев сынды атлеттер. 

2022 жылы Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада Ойындарын Қазақстаннан 34 спортшы жолдама иеленген еді. Алайда олардың арасында шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің төртінші орынға тұрақтауы ең жоғарғы жетістігіміз болды. 

2024 Парижде ХХХІV Жазғы Олимпиада Ойындары өтеді. Бұл сында қазақстандық спортшылардың биіктен көрінетініне сеніміміз зор. Жалпы, Олимпиададан жүлде алғандарға сыйақы беруден Қазақстан әлем бойынша алғашқы бестікке енеді. Алтын үшін 250 АҚШ доллары, күміс жүлдегерге 150 мың АҚШ доллары және қола медаль иесіне 75 мың АҚШ доллары табысталады. Ынталандыру жоғары болғанына қарамастан соңғы екі Олимпиадада өнер көрсеткен спортшыларымыздың бабы кем екені анық көрініп қалды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға