Қазақстан мен Түркия: стратегиялық ынтымақтастық кеңесінде не талқыланды?

 Aqorda
Фото: Aqorda

13 мамыр күні Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапар жасап келді. Бүгін Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Қос тарап екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени байланыстың нығая түсетінін айтты.

Айрықша құрмет көрсетті

Түркия президентінің ұшағы ел шекарасына кескен сәттен Астана әуежайына дейін Түркия Президентінің бортына Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты.

фото:Aqorda

Әуежайдан сәт-салтанатпен қарсы алып,  Тәуелсіздік сарайы алдында арнайы рәсім өтті. Түркия Президентінің келуіне орай трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді.

Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін, – деді Түркия Президенті.

Декларация қабылданды

Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция құйғанын атап өтті. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

фото: Aqorda

Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

фото: Aqorda

Тауар айналымы артады

Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету мәселесін талқылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқан.

Фото: Aqorda

Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны 630 миллион доллардан асады.

Кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 миллион долларға жуықтаған.  

Жол картасы қабылданады

Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісін, Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешенін мысалға келтірді.

Түркия тарапына Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды. Жиында қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскеніне назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның мәдени-гуманитарлық байланыстары жылдан жылға күшейіп келе жатқанын жеткізді.

Атап айтқанда, 2023 жылы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында Қазақстан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды. Астанада және Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы Түркияда оқиды, ал 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда.Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркиядағы Гази университетінің филиалы өз жұмысын бастады.

«Қожа Ахмет Ясауи» ордені табысталды

Мемлекет басшысы Түркия Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.

фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Түркия Президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.

Қадірлі досым, осы жоғары марапатты Сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз. Сондай-ақ еліміздің Сізге және түрік жұртына деген шынайы құрметі, зор ризашылығы деп біліңіз. Өзіңізге зор денсаулық, ал барша түрік халқына амандық пен бақ-береке тілеймін! Қазақ-түрік достығы мәңгі болсын! – деді Президент.

Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.

фото: Aqorda

Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Президенті.

Оқи отырыңыз