Жаңалықтар

Қазақстан мен Тәжікстан одақтастық қатынастарды нығайтуда

Қазақстан мен Тәжікстан одақтастық қатынастарды нығайтуда
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 26.01.2024 07:28 820

Душанбеге ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі СІМ-ге сілтеме жасап. 

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары жоғары деңгейдегі орнықты және сенімді саяси диалогтың арқасында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қатынастар өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шығарылғанын атап өтті.

Тәжікстан – біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз және одақтасымыз. Қазақстанда бауырлас тәжік халқына ерекше жылулықпен қарайды және көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған, - деді ҚР СІМ басшысы.

Тараптар қазақ-тәжік ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Перспективалы жобаларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

М. Нұртілеу сауда, энергетика, тау-кен және уран өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда қол жеткізілген прогресті атап өтті.

Қазақстан Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің «үштігіне» кіреді. Соңғы жылдары екіжақты тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд. доллардан асады. М. Нұртілеу біздің еліміз шамамен 190 млн. доллар сомаға экспортты ұлғайтуға, оның ішінде теміржол локомотивтері мен вагондарын, рельс арқалық өнімдерін, ұнды жеткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ кооперациялық байланыстарды дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға дайын екенін хабарлады.

Цифрлық технологиялар ынтымақтастықтың жаңа драйверіне айналуда. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан KazAID агенттігі арқылы тәжік тарапына 2,8 миллион долларға eGov платформасының IT өнімдерін берді. Тараптар осы бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілетуге уағдаласты. Жақын арада Қазақстанның озық IT-мектептерінде 100 тәжік мамандарын оқыту жоспарлануда.

Өз кезегінде Тәжікстанның Сыртқы істер министрі С. Мухриддин одақтастық қатынастарды тереңдетуге бейілділігін білдіріп, сауда-экономикалық бағыт тәжік-қазақ өзара іс-қимылының маңызды сегменті екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібі мәселелері бойынша «сағаттарды теңестерді». Тараптар көпжақты құрылымдар, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ИЫҰ, АҚИҰ, ХАҚҚ және т.б. шеңберінде өзара қолдау көрсетуді жалғастырады.

Министрлер өңірлік кооперацияны дамытуға, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігерге, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері мен Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы өзара іс-қимылға егжей-тегжейлі тоқталды.

Екіжақты күн тәртібінің маңызды бөлігі мәдени-гуманитарлық сала болды. Білім, ғылым, мәдениет, медицина және спорт саласындағы өзара іс-қимылды арттыру бойынша ұсыныстар алмасылды. Тараптар ү.ж. Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарларын белгіледі.

Қазақстандық тарап KazAID агенттігі жақын арада Орталық Азия елдерінен келген жас дипломаттар үшін білім беру курстарын және медицина қызметкерлері үшін тағылымдамалар ұйымдастыратынын хабарлады.

Министр М. Нұртілеу Душанбеде Тәжікстанның ірі компанияларының басшыларымен жеке кездесу өткізіп, қазақ серіктестерімен, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру арқылы белсенді өзара іс-қимыл жасасуға шақырды.

Сапар аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Исмоил Сомони ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Тәжікстанның Ұлттық мұражайына барып қайтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға