Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңі: Елші алдағы жоспарларды таныстырды

Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңі: Елші алдағы жоспарларды таныстырды
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Астанада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі Қазақстан мен Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг пен қабылдау өткізді. Іс-шара барысында ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь Қытайдың қазіргі даму бағыты, жаһандық бастамалары және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды El.kz басылымы.

El.kz/Назерке Чакирбаева
El.kz/Назерке Чакирбаева

26 қарашада өткен іс-шараның мақсаты – БАҚ өкілдерін Қытайдың даму бағыттарымен таныстыру, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау және журналистермен пікір алмасу. Брифингтің ашылуында Хань Чуньлинь Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты ақпараттық тұрғыдан қолдап жүрген журналистерге алғыс білдірді.

Қытайдың дамуына ұзақ жылдар бойы қызығушылық танытып, қолдау көрсетіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты белсенді түрде жариялап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деді елші.

El.kz/Назерке Чакирбаева
El.kz/Назерке Чакирбаева

Дипломат өз сөзінде екі негізгі тақырыпқа – Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің XX шақырылымындағы бесінші пленумының қорытындыларына және Жаһандық даму бастамасының бес жылда қол жеткізген нәтижелеріне тоқталды.

El.kz/Назерке Чакирбаева
El.kz/Назерке Чакирбаева

Хань Чуньлинь Қытайдағы саяси басқару жүйесін жетілдіру, партиялық тәртіпті нығайту және елді жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Қытайдың экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуде мемлекеттік басқарудың тиімділігі маңызды рөл атқарады.

El.kz/Назерке Чакирбаева
El.kz/Назерке Чакирбаева

Жаһандық даму бастамасы: бес жылда 1800-ден астам жоба жүзеге асырылған

Брифинг барысында елші Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында ұсынған Жаһандық даму бастамасына ерекше назар аударды. Аталған бастама БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму күн тәртібін іске асыруды жеделдетуге және әлем елдерінің бірлесіп дамуына ықпал етуге бағытталған.

Елші келтірген мәліметтерге сәйкес, бүгінде бастаманы 130-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйым қолдайды. Бес жыл ішінде:

  • 23 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмылдырылған;
  • 1800-ден астам бірлескен жоба жүзеге асырылған;
  • дамушы елдер үшін 200 мыңнан астам маман даярланған;
  • 120-дан астам ел бастама аясындағы жұмыстардың игілігін көрген.
El.kz/Назерке Чакирбаева
El.kz/Назерке Чакирбаева

Қазақстан мен Қытай дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығын атап өтеді

Хань Чуньлинь 2027 жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын атап өтті. Елші Қытай тарапының осы мерейтойды екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа мүмкіндігі ретінде қарастыратынын жеткізді.

Келесі жылы Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Қытай тарапы Қазақстанмен бірлесіп, осы айтулы датаны Жаһандық даму бастамасын тереңдету және іс жүзінде жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндік ретінде пайдалануға, ортақ даму жөніндегі ауқымды жоспарларды нақты жобаларға айналдыруға және екі ел халқының әл-ауқатын арттыруға дайын, – деді Хань Чуньлинь.

El.kz/Назерке Чакирбаева
El.kz/Назерке Чакирбаева

Елші сөзінің соңында журналистердің сұрақтарына жауап беруге және оларды қызықтырған мәселелер бойынша пікір алмасуға дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ іс-шара аясында БАҚ өкілдеріне Қытайдың ұлттық тағамдары ұсынылатын қабылдау ұйымдастырып, бейресми жағдайда дипломаттармен пікір алмасып, Қытай мәдениетін таныстыратын естелік сыйлықтар табысталды.

Оқи отырыңыз