Жаңалықтар

Қазақстан мен Польша халықтары арасындағы достықтың тарихи алғышарттары талқыланды

Қазақстан мен Польша халықтары арасындағы достықтың тарихи алғышарттары талқыланды
24.05.2023 05:31 525

Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев Қазақстан-Польша тарихи комиссиясының III отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жылдығы аясында тарих мәселелері жөніндегі Қазақстан-Польша комиссиясын құру туралы бастама уақтылы болды. Қазіргі уақытта тарих мәселелері маңызды болып табылады. Осыған байланысты тарихи оқиғалардың объективті фактілерін анықтауға бағытталған тарихшы мамандардың жұмысы негізгі рөл атқаруда, – атап өтті қазақстандық дипломат.

Мәдениет, білім және өнер сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастыра отырып, Комиссия қызметі жаңа деңгейге көтерілуін қанағаттанушылықпен атап өтеміз, – деді поляк тарапынан комиссияның тең төрағасы Белосток қаласындағы Сібір естелік мұражайының директоры Войцех Слешиньский.

Комиссияның отырысының жұмысына 30-дан астам адам қатысты, оның ішінде екі елдің ғылыми-зерттеу мекемелерінің – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, ҚР Президентінің архиві, Белосток қаласындағы Сібір естелік мұражайы, Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайы, Витольд Пилецкий атындағы Ынтымақтастық пен ерлік институты, Польшаның ұлттық естелік институтының мұрағаты, Белосток университеті, Торунь қаласындағы Николай Коперник университеті, Лодзь университеті, Лодзь қаласындағы Ұлттық естелік институты, Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеті ғалымдары, профессорлары және басшылығы, сондай-ақ ҚР құрметті консулдары, қазақ орталықтарының басшылары және Польшада оқитын қазақстандық студенттер қатысты.

Іс-шараның құрметті қонағы ретінде 1940 жылы отбасымен бірге Қазақстанға жер аударылған Поляк сібірліктер одағының төрағасы Кордиан Борейко шақырылды. К. Борейко қазақ халқының арқасында оның отбасы аман қалып, 1946 жылы тарихи отанына аман-есен оралғаны үшін үлкен алғысын білдірді. Қазақстан тарапы оның отбасына байланысты материалдарды табыс етті.

Өз кезегінде поляк тарапы қазақстандық ғалымдарға Штуттгов концлагерінің 13 мың кеңестік әскери тұтқындары бойынша құжаттарды тапсырды, олардың арасында Қазақстан тумалары туралы ақпарат бар.

Комиссия мүшелері Қазақстандағы поляктардың тарихы бойынша құжаттар мен материалдардың 5 томнан тұратын жинағын, сондай-ақ Қазақстанның қысқаша тарихы кітабын дайындады. Аталған құжаттарды поляк тілінде жариялау жоспарлануда.

Сонымен қатар, Польшада Қазақстан мәдениеті мен тарихын зерттеушілердің халықаралық конгресін құру туралы бастама ұсынылды.

Іс-шара аясында «Қазақстандағы ашаршылық. Тарихтың белгісіз беттері» атты көрме Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайының аумағында ашылды.

Басқа елдер мен халықтардың тарихын зерттей отырып, мен бұрын Қазақстанда жасанды түрде туындаған ашаршылықтың ауқымды зардаптарының мұндай фактілеріне тап болған емеспін. Республикада 2,5 миллион адам аштыққа ұшырағаннан кейін жергілікті тұрғындар жүздеген мың жаңа адамдарды – арнайы қоныс аударушыларды қонақжайлылықпен қабылдайтын жағдайды елестетіп көріңіз. Бүгінгі көрме 1930-1932 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған және қазақ халқына алғысымыздың символдық көрінісі болып табылады, – атап өтті көрменің ресми ашылуында мұражай директоры Г. Берендт.

Көрме Комиссия, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыстық жазбалар мұрағаты және Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатымен ұйымдастырылды. Бұл көрме ү.ж. маусым айының соңына дейін Гданьск қаласында поляк жұртшылығы үшін ашық болады, ал келешекте Польшаның басқа қалалары мен өңірлерінде көрсетіледі.

Елшінің сапары аясында Помор воеводствосының басшылығымен – Воевода Дариуш Дрелих пен Маршал Мечислав Струк, сондай-ақ Гданьск порты басқармасының президенті Лукаш Малиновскиймен екіжақты кездесулер өткізілді. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту мәселелері талқыланды.

Өңіраралық деңгейде қарым-қатынастарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Ә. Қирабаев өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту, көлік-инфрақұрылымдық және сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту бойынша екіжақты қатынастардың әлеуетін атап өтті.

Қазақстан Азия нарығына «қақпа», ал Польша Еуропаға «қақпа» ретінде қарастырылады. Біздің көлік мақсаттарымызды іске асырудың негізгі факторларының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірлесіп пайдалану болуы мүмкін, – деді қазақстандық дипломат.

Сонымен қатар Ә. Қирабаев Гданьск университетінің ректоры Петр Степновскиймен екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жоспарларды, оның ішінде Қазақстан азаматтарының Польшада жоғары білім алу мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Гданьск университетінің тарих факультеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бакалавриат, магистратура, аспирантура, докторантура, тағылымдамалар және біліктілікті арттыру курстары бағдарламалары бойынша оқыту арқылы ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды көздейді.

Анықтама: 2022 жылғы 6 маусымда Белосток қаласында Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар шеңберінде Қазақстан-Польша тарихи комиссиясын құру туралы Актіге қол қою рәсімі өтті.

Комиссия Қазақстан-Польша қатынастарының тарихы бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізудің жаңа кезеңін ашады, бұл қазақстандық отбасыларына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшада хабарсыз кеткен жақындарының тағдыры туралы және поляк отбасыларына олардың Қазақстанға депортацияланған туыстары тағдыры туралы білуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, комиссияның міндеттері ретінде бірлескен ғылыми тағылымдамалар өткізу, Комиссия шеңберінде кең ғылыми және баспа ынтымақтастығын дамыту, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру белгіленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға