Мемлекет басшысы Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөздер барысында екі ел арасындағы көлік-тасымал саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне тоқталды.
Президенттің айтуынша, Моңғолия – Қазақстан үшін аймақтағы маңызды серіктес әрі тату көрші ел.
Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы көлік байланысын күшейтуге ерекше назар аударған. Соның нәтижесінде Қазақстан мен Моңғолияны тікелей жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткізілген.
Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Бұл – әрине, жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе. Десек те, ең бастысы, жол құрылысы бойынша мақсатымыз – бір, – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы жобаны іске асыру үшін арнайы Үкіметаралық жұмыс тобы құрылатынын да атап өтті. Бұл топ барлық ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді пысықтап, көршілес елдермен келіссөздер жүргізетін болады.
Сол себепті біз құрметті президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес алдымен бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды, көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақтылы орындалуын қадағалайды, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа автожол тек екі ел арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастыққа да серпін береді.
Алдағы уақытта Қазақстан – Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық. Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады, – деді ол.
Сонымен қатар мемлекет басшысы «Трансалтай сұхбат алаңын» құру бастамасын еске салды. Бұл алаң Алтай өңіріндегі елдердің көлік, сауда, туризм және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған.
Баршаңызға мәлім, мен былтыр Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде «Трансалтай сұхбат алаңын» құруды ұсындым. Алтайдың төрт жағын мекен еткен мемлекеттердің сауда, көлік-логистика, туризм, мәдениет саласындағы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келуіне толық мүмкіндік бар. Осы ретте төрт елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс істей аламыз. Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, «Алтай» бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады, – деді президент.
Көлік қатынасын дамыту аясында әуе байланысын кеңейту мәселесі де қозғалды. Қазіргі таңда «Алматы – Ұлан-Батыр» бағыты бойынша тұрақты рейстер бар. Жақын уақытта «Астана – Ұлан-Батыр» рейсі қайта ашылады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жаңа бағыттарды іске қосу жөнінде нақты келісімдерге қол жеткізілген.
Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды. Қазір «Алматы – Ұлан-Батыр» бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай «Астана – Ұлан-Батыр» әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде «Өскемен – Өлгей» бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік. Бұл маңызды шешімнің арқасында ынтымақтастығымыз одан әрі нығайып, аймақаралық байланыстарымыз тың серпінмен дами түсері сөзсіз, – деді мемлекет басшысы.
Президент сөз соңында Моңғолия тарапына және Ухнаагийн Хурэлсухқа көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.
Бұл тұста да Моңғолия елінің басшысы – құрметті Хурэлсух мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын, – деді ол.