Жаңалықтар

Қазақстан мен Мажарстан депутаттары парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Қазақстан мен Мажарстан депутаттары парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 08.10.2024 18:02 443

Мажарстан мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвердің шақыруымен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат ресми сапармен Мажарстанға барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Будапешт қаласында депутаттар Мажарстан президенті Тамаш Шуйокпен және Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесті. Сондай-ақ, Қарсақ қаласының тұрғындармен кездесу өткізді.

Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен  жүздесуде екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық мәселесі кеңінен талқыланды. Мәжіліс төрағасы Орталық Еуропадағы бауырлас халық – мажар еліне ерекше ықыласпен келіп отырғанын айтып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған сәлемін жеткізді.

Мажарстанмен ынтымақтастықты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі. Қазақстан мен Мажарстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері ынтымақтастығымыз – стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Биыл сол стратегиялық әріптестігімізге 10 жыл толып отыр. Әрине, бұл – көшбасшыларымыздың ерен еңбегінің жемісі, – деді Мәжіліс спикері.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мәжіліс төрағасы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен соңғы жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы айтып берді. Соның ішінде 6 қазанда өткен жалпыұлттық референдумға тоқталды.

Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Оның өзегі – барлық маңызды шешімдер қоғаммен бірге талқыланады. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметінің алғашқы күндерінен-ақ осы істі қолға алды. Күні кеше елімізде атом электр стансасын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтті. Ел болашағына тікелей қатысты болған соң, бұл мәселе жөнінде шешім қабылдауды Мемлекет басшысы халықтың өз еркіне берді. 6 қазанда Қазақстан халқының басым көпшілігі Президенттің бұл бастамасын қолдады. Біз атом өнеркәсібі саласында Мажарстанның тәжірибесі мол екенін білеміз.  Осы салада бірлесіп кадр даярлау қолға алынып жатыр. Бұл жұмысты күшейтуге дайынбыз, – деді Мәжіліс спикері.

Сонан соң Ерлан Қошанов Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесіп,  парламентаралық қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен келешегін жан-жақты талқылады.

Біз үшін Мажарстан – сенімді дос, бауырлас мемлекет және стратегиялық серіктес. Сондықтан парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Сіздерде де дәл осындай ықылас бар екенін білеміз. Заң шығарушы органдарымызда парламентаралық достық топтары қарқынды жұмыс істеп келеді. Біз халықаралық ұйымдар аясындағы көпжақты форматта да тығыз байланыстамыз. Осы ықпалдастықты одан әрі арттыруға шақырамын, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ делегация басшысы мажар әріптестеріне Мәжілістің қазіргі заң шығару қызметі жайлы да ақпарат берді.

Кездесу соңында екі ел Парламент басшылары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Мажарстанның Мемлекеттік Жиналысы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл қадам парламентаралық байланысты нығайтуға зор септігін тигізетіні анық.

Сонымен бірге Ерлан Қошанов әріптесі Ласло Кёверді Қазақстанға рес­ми са­пармен келуге шақырды. 

Делегация мүшелері Будапешт қаласындағы Астана көшесінде орналасқан Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Мажарстанда оқитын Қазақстан студенттерімен кездесті.

Мәжіліс депутаттарының ресми сапары келесі күні Қарсақ қаласында жалғасты. Ерлан Қошанов ондағы жергілікті тұрғындармен – бауырлас қыпшақтармен кездесу өткізді.

Біз әрқашан өздеріңізге жаны бір, қаны бір бауырларымыз ретінде қараймыз. Қазақ та, мажар да – Еуразияның Ұлы даласында мекен етіп, салтанат құрған ежелгі ғұндар мен түркілердің, қыпшақтардың мұрагері.  Бізді генетикалық тамырымыз ғана емес,  екі елге ортақ даңқты тарихымыз, бұзылмас дәстүріміз жалғап жатыр. ХХІ ғасырда бауырлас халықтар арасындағы байланыс, соның ішінде қазақ-мажар ынтымақтастығы барынша артып келеді. Осы үрдіс бізді қуантады. Ел мен елді қосатын, дәнекер болатын ең алдымен – сіздер мен біздер. Сондықтан бұл миссияны абыроймен атқарамыз деп сенемін, – деді Мәжіліс спикері.

Сапар аясында делегация мүшелері Қарсақ қаласында екі елдің ажырамас туыстығы мен мызғымас достығының белгісі ретінде «Домбыра» мүсінінің ашылуына қатысып, мәдени орындарға барды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға