Жаңалықтар

Қазақстан мен Франция арасындағы сауда-экономикалық мәселелер талқыланды

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлім етті
Қазақстан мен Франция арасындағы сауда-экономикалық мәселелер талқыланды
Фото: gov.kz 03.11.2022 12:21 1654

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министр-делегат, Қазақ-француз Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештпен кездесті, деп хабарлайды El.kz

Кездесуде екі тарап өнеркәсіптік газдар саласындағы және энергетика, жаңартылатын энергия көздері, көлік, авиация өнеркәсібі және ғарыш салаларындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Іс-шараға Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, ЦДИАӨМ, ТЖМ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚТЖ» ҰК, «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана» АҚ, «Қазавиаспас» және «КАЭС» ЖШС өкілдері қатысты. Француз тарапынан онлайн форматта қазақ-француз іскерлік кеңесінің тең төрағалары және Total, Alstom, Orano, Air liquide, Airbus, CSFN, EDF және Idemia компанияларының басшылары сөз сөйледі.

Әңгіме барысында ҚР ИИДМ басшысы Франция Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

«Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде мемлекеттердің қарым-қатынасы барлық негізгі бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылдың 8 айында тауар айналымы 12,2%-ға, яғни $2,3 млрд-қа дейін өсті», – деді Қ.Өскенбаев.

Өз кезегінде О.Бешт Қазақстан Францияның маңызды серіктесі екенін растады.

«Қазақ-француз Үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары деңгейіндегі тұрақты байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды өзекті бағыттарын талқылауға және өзекті мәселелер бойынша шешімдер табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Кездесу соңында екі тарап Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға