Жаңалықтар

Қазақстан мен Финляндия саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті

Қазақстан мен Финляндия саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті
Фото: ҚР СІМ 31.10.2023 20:35 429

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан-Финляндия орман шаруашылығы форумына қатысу үшін Астанаға жұмыс сапарымен келген Финляндия Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық сауда министрінің орынбасары Ярно Сюрьялямен кездесті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тараптар екіжақты саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Р. Василенко сауда-экономикалық қатынастардың оң динамикасын атап өтіп, 2023 жылғы қаңтар-тамызда өзара тауар айналымы былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 9,4%-ға өскенін атап өтті. Өткен жылы Финляндиядан Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 18,3 млн АҚШ долларын құраса, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 8,5 млн долларға жетті.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Үкіметтің Орта дәліздің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралары туралы баяндап, «Nurminen Logistics» фин логистикалық компаниясымен табысты ынтымақтастықты атап өтті. Қазақстан дипломаты Финляндиямен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ еліміздің экономиканы дамыту басымдықтары мен 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаттарын ескере отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.

Осы тұрғыда, тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Финляндия Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) маңызды рөлін атап өтіп, 2024 жылы Қазақстанда кезекті 12-ші ҮАК отырысын ұйымдастыру энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да өзара тиімді әріптестік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге серпін беретініне сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға