Жаңалықтар

Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 1,3 миллиард долларға жетті

Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 1,3 миллиард долларға жетті
Фото: ©El.kz/Чурсинов АРТЕМ 24.04.2023 13:46 687

Чехия Қазақстанмен өзара ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.  Бұл туралы Чех Республикасының премьер-министрі Петр Фиала айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біздің екіжақты кездесуіміз табысты өтті деуге болады. Жоғары мәртебелі Президентпен өткен кездесуім де сындарлы және жемісті болды деп айтуға болады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Чехия достық қарым-қатынастарының ұзақ тарихы бар. Қазақстан – Орталық Азия өңірінде біздің негізгі серіктестеріміздің бірі. Оны біздің импорт және экспорттық көрсеткіштерімізден анық көрсеңіздер болады. Тауар айналымы өткен жылы шамамен 1,3 миллиард долларға жетті. Бұл шынымен де ауқымды сома. Чех кәсіпорындары Қазақстанда ауыл шаруашылығы, әскери авиация өнеркәсібінде көптеген жылдар бойы белсенді жұмыс істеп жатыр. Біз Қазақстанда көптеген қосымша мүмкіндіктерді де көріп отырмыз, - деді Чехия премьер-министрі. 

Оның сөзінше, іскерлік делегация құрамында көптеген чехиялық компаниялар бар.  Сонымен  қатар, күзде чехиялық делегация Қазақстанда кеңейтілген жиын өткізіп, энергетикалық мәселелердегі өзекті бағыттарды қарастыру жоспары барын айтты. 

Біз өзіміздің тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Сондай-ақ бізге өзіміздің энергетикалық қауіпсіздігімізді жаңғырту қажет. Біз ынтымақтастықтың әртүрлі бағытын көріп отырмыз. Чехия республикасы ауыр металлургия, машина жасау саласында танымал. Біз өзіміздің жоғары технология өнімдеріміздің тізбесін кеңейттік. Олар инжиниринг, машина жасау, IT технологияларды, киберқауіпсіздікті қамтиды, - деді Петр Фиала.

Чех Республикасының премьер-министрі Петр Фиаланың сөзінше, бүгінгі таңда бизнес серіктестік, сонымен қатар халықаралық сауда-саттық өте маңызды.  

Біз қазір соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Сондай-ақ қауіпсіздіктің жетіспеушілігі, жеткізілімдер тізбегінің әртараптануы секілді бағыттардың маңызы күннен күнге артып келе жатыр. Бұл бизнестің алуан түрлілігі қаншалықты маңызды екенін де көрсетіп отыр, - деп атап өтті Петр Фиала.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға