Жаңалықтар

Қазақстан мен Әзірбайжан Ішкі істер министрлерінің кездесуі өтті

Қазақстан мен Әзірбайжан Ішкі істер министрлерінің кездесуі өтті
Фото: polisia.kz 23.02.2023 17:32 807

Әзірбайжан мен Қазақстан Ішкі істер министрлерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz сілтеме жасап.

Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Әзірбайжан Республикасының Ішкі істер министрі Вилаят Эвазов пен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың кездесуі өтті. 

Кездесуде екі елдің тұрғындарын тығыз байланыстыратын стратегиялық қатынастар, мемлекеттер арасындағы сенім мен бір-біріне деген құрметі, сондай-ақ ынтымақтастықтың серпінді дамуы сөз етілді.

Тараптар қоғамдық тәртіпті қорғау, трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл, өзара ақпараттық байланысты арттыру, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін және олардың қылмыстық қол сұғушылықтардан құқықтарын қорғауға қатысты ынтымақтастық мәселесін талқылады. 

Марат Ахметжанов әріптесін ішкі істер органдарын жаңғырту, қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету және елдегі қылмысқа қарсы күрес туралы хабардар етті.

 Кездесуге қатысушылар Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы Меморандумға қол қойды. 

Қонақтар полиция академиясының қызметімен, кезекші қызметтің және “102” колл-орталығының жұмысымен танысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға