Жаңалықтар

Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

ҚР Ұлттық экономика министрі мен Мажарстанның Қаржы министрі БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді
Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті
Фото: gov.kz 28.01.2023 19:10 775

Будапешт қаласында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Қазақстан тарапынан тең төраға – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Мажарстан тарапынан – Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варга.

ҰЭМ басшысы үкіметаралық комиссияның отырысын аша отырып, ҚР Үкіметі атынан жиын қатысушыларына ілтипат білдірді және шараны ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтті.

«Біз өзара тиімді және нәтижелі ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып келеді. Біз өзара сауданы ұлғайту үшін барлық күш жігерімізді салуымыз керек», - деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, Қазақстан жеткізілетін тауарлардың көлемін ұлғайтуға және тауар номенклатурасын кеңейтуге дайын. Өткен жылы елімізде тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, мұнай өңдеу және т.б. салаларда кәсіпорындар іске қосылды. Жалпыұлттық пул шеңберінде 2022 жылы $4,2 млрд. құрайтын 160 жоба жүзеге асырылды. Жаңадан 15,7 мың. тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Оны одан әрі дамыту мақсатында 2030 жылға дейінгі тиісті Тұжырымдама әзірленді. Оның мақсаты - тауарларды жеткізу жылдамдығын арттыру, халықаралық транзиттік-көлік дәліздерінің және логистикалық терминалдардың өткізу қабілетін жоғарылату», - деді министр.

Оның сөзінше, аталған шаралар Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға да, Қазақстан арқылы Мажарстан мен Қытай арасындағы екіжақты саудадағы маңызды көлік бағыты болып табылатын «Захонь порты» жобасын дамытуға да ықпал ететін болады. Бүгінде Қазақстан мен Мажарстан үкіметтері арасында әуе көлігі туралы келісім жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Бүгінде Қазақстанда венгр капиталының қатысуымен 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі салаларында бірлескен 39 компания құрылды», - деді ҰЭМ басшысы.

Отырыс қорытындысы бойынша энергетика, білім, бизнес салалардағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы 9 Меморандумға қол қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға