Қазақстан клубтары УЕФА Конференция лигасының 2026/27 маусымындағы алғашқы іріктеу кезеңінің алғашқы матчтарын әртүрлі нәтижемен аяқтады. «Астана» сырт алаңда жеңіске жетсе, «Елімай» соңғы минуттарда жеңісті уыстан шығарып алды.
«Алашкерт» – «Елімай» 1:1
Семейлік «Елімай» клуб тарихындағы тұңғыш еурокубоктық ойынында Арменияның «Алашкертімен» тең түсті. Кездесудің басында капитан Рамазан Оразов жарақат алып, алаңнан кетсе де, Андрей Карповичтің шәкірттері белсенді ойын көрсетті.
2-таймның 60-минутында Арсен Әшірбек Иван Свиридовтың пасынан кейін есеп ашып, қазақстандықтарды алға шығарды. Алайда «Елімай» басымдықты еселей алмады: Элож Меме Плакка Фессу бос қақпаға гол соға алмай қалды. Мұны пайдаланған алаң иелері 86-минутта бұрыштамадан кейін Давид Тертеянның голымен таразы басын теңестірді. Ойын соңында Жан-Али Пайруз жеңіс голына жақын болғанымен, оның добы бағана қиылысынан қайтты.
Жауапты матч 16 шілдеде Семейде өтеді. Бұл жұптың жеңімпазы келесі кезеңде Румынияның ЧФР клубымен кездеседі.
«Динамо Сити» – «Астана» 0:1
Қазақстанның вице-чемпионы «Астана» Албанияда маңызды жеңіске қол жеткізді. Бірінші тайм тең дәрежеде өткенімен, үзілістен кейін ойын тізгінін қазақстандықтар қолға алды.
69-минутта Марин Томасовтың дәл пасын Рамазан Каримов голға айналдырып, матчтағы жалғыз доптың авторы атанды. Кейінгі минуттарда «Астана» есепті ұлғайтуға мүмкіндік алғанымен, таблодағы нәтиже өзгерген жоқ.
Жауапты кездесу 16 шілдеде «Астана Аренада» өтеді. Екі матч қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда келесі кезеңде «Шериф» (Молдова) – «Алюминий» (Словения) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Қазақстан клубтары алғашқы ойындардан кейін келесі кезеңге шығуға мүмкіндік сақтап қалды. «Астана» сырт алаңдағы жеңістің арқасында басымдыққа ие болса, «Елімай» өз алаңындағы жауапты кездесуде жолдаманы сарапқа салады.
Еске салайық, бұған дейін алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын бастап, алғашқы матчта жеңісті соңғы минутта жұлып алған еді.