Жаңалықтар

Қазақстан Кеңес одағы құрамынан қалай шықты

Еліміздің тәуелсіздігі өзінен-өзі келді деген жел сөздерді айтушыларға байсалды жауап беру үшін бірнеше сұрақтарға жауап беру керек
Қазақстан Кеңес одағы құрамынан қалай шықты
Фото: tur.kz 29.10.2022 07:34 5950

1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Көп ұзамай, Кеңес одағы өзі жасаған қылмыстары мен қателіктерінің салмағынан қызыл жалауы жалп етіп құлап тынды. Еліміз 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялады. Сөйтіп, алып мемлекет бейбіт жолмен он бес тәуелсіз елге ыдырап, теледидардың бір каналынан көрсеткенін ғана көріп, оқы деген кітабын оқитын заман келмеске кетті.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Азия мен Африканың көптеген елдері тәуелсіздікке қарулы жолмен, ұл-қыздарын құрбандыққа шалып жеткендіктен Кеңес одағының қантөгіссіз ыдырауы, оның құрамына кірген ұлт республикаларының бейбіт жолмен егемен мемлекеттерге айналуы кейбір саяси орталарда тәуелсіздік аспаннан, ешбір қиындықсыз түсті деген жалған түсінік тудырды.

Осындай жел сөз әңгімелер Қазақстанда көп айтылды және тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан асса да қазақта бұрын мемлекет болмаған, оны большевиктер мырзалықпен сыйлаған, тәуелсіздік үшін қазақ ештеңе істеген жоқ, ол өзінен-өзі келді деген сөздер түрлі деңгейлерден ауық-ауық естіліп қалады.

Осы сөздерді теріске шығармас бұрын, тәуелсіздік қазаққа аспаннан түссе, онда неге башқұрт пен татар, ноғай мен құмық, қарашай мен балқар және қазіргі Ресейдегі басқа бізге туыс және туыс емес ұлттар тәуелсіздіктің туын көтермеді? Неге олар әлі де Ресей құрамында қалып отыр? Олар бізден кем бе, тіпті башқұрттар 1917 жылы қызыл үкіметтің орнауында шешуші рөл атқарған жоқ па еді, татарлар кезінде қазақты ағартқан дамыған ұлт емес пе еді? Неге шешен халқы 1994 және 1996 жылдары азаттық жолында екі рет соғысып, қанға бөгіп, Ресей құрамында әлі қалып отыр?

Еліміздің тәуелсіздігі өзінен-өзі келді деген жел сөздерді айтушыларға байсалды жауап беру үшін осы сұрақтарға жауап беру керек.

Ал ол сұрақтың жауабы халқымыздың өткен жүз жылдық тарихының ішінде жатыр. Қазақстанға тәуелсіздік аспаннан түскен жоқ, қарақан басының қамын емес, қазақ халқының намысын жыртқан «Алаш Орда» ұлтшылдары және олардан кейінгі коммунист қазақтың арқасында келгендігін айту керек.

Қазақстан 1936 жылға дейін Ресей құрамындағы автономиялық республика болғаны белгілі. Қазақстанға одақтық республика деңгейі үлкен қимастықпен тек 1936 жылы жаңа конституция қабылданған кезде берілді. Егер Қазақстан сонда одақтық статус алмағанда Татарстан, Башқұртстан, Тува, Саха және т.б. автономиялық республикалар секілді 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялай алмас еді, қазақ үшін тәуелсіздік ауылы алыс болар еді!

Әлқисса, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін бұратана халықтар, әсіресе мұсылман миллетерінің озық ойлы өкілдері өз болашақтарын айқындау бойынша белсенді жұмыс жүргізе бастады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін – 1917 жылы 1 - 11 мамыр аралығында Мәскеуде Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросының ұйымдастыруымен Бүкілресейлік мұсылмандар съезі өткізілді. Съезд жұмысына Түркістан, Кавказ, Қырым, Сібір бұратана халықтарының 830 мұсылман делегаттары қатысты. Қазақ атынан Жаханша Досмұхамедов, Ғұмар Қарашев, Мағжан Жұмабаев, Сәлімгерей Жантөрин секілді қайраткерлер барды. Съездің күн тәртібіне: Ресейдің мемлекеттік құрылысы, жер, дін, әйел, жұмысшы және әскер мәселелері, оқу-ағарту ісі, соғысқа көзқарас, Құрылтай сайлауы кезіндегі мұсылмандар тактикасы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесін құру мәселелері енгізілді. Делегаттар мемлекеттік құрылыс мәселесін жан-жақты талқылап, Ресей мұсылмандары федеративтік негіздегі демократиялық республиканы жақтайтындықтарын білдірді. Съезд белгілі территориясы жоқ халықтарға ұлттық-мәдени автономия берілсін, ал барлық мұсылман халқы ұлттық-территориялық автономияны иемденсін деген шешім қабылдады. Құрылтай жиналысында жер мәселесі өз шешімін тапқанға дейін ұлт аймақтарына переселендердің қоныс аударуы уақытша тоқтатылсын деп шешілді.

Екінші Бүкілресейлік мұсылмандар съезі 21.07. – 2.08.1917 жылы Қазан қаласында өтті. Оған 188 делегат қатысты. Сол уақытта Қазан қаласында Бүкілресейлік мұсылмандарының әскери съезі, Бүкілресейлік мұсылман дінбасыларының съезі, Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі, Бірінші жалпыбашқұрт, Қоқанда Ферғана облысының мұсылман еңбеккерлерінің съездері өтіп жатты.

Осы маңызды шаралардың барысында қабылданған құжаттарда – бұратана халықтардың автономиясы, ұлттық-мемлекеттік құрылымын өздері анықтау, өз тағдырларын өздері шешу, ұлттық армия құру және осы мақсаттардың жолында қасық қаны қалғанша күресуге даярлықтары айтылды. Осы съездердің барысында ұлттық зиялылардың бір бөлігі «Егемен болмай ел болмас, Етектен кесіп жең болмас» деп тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылса, келесі бір бөлігі Ресей құрамында автономия алумен шектелуге бет бұрды. 

1917–1922 жылдары көпұлтты Ресейде орын алған азамат соғысы барысында патшалықты қайта қалпына келтіргісі келген монархистер, ең күшті деген эсер, кадет партиялары бұратана халықтардың мұң-мұқтажын есепке алған жоқ, алғысы да келген жоқ. Ал Ленин бастаған қызылдар (большевиктер) осындай кезеңде бұратана халықтардың арасындағы көңіл-күйді ерекше бақылап отырды, тіпті ұлт істері бойынша комиссия құрды. Оның басына орыс емес Сталинді қойғаны қысқа уақыт ішінде өз жемісін берді.

Коммунистер (қызылдар) 1917 жылдың 15 қарашасында жариялаған Ресей халықтары құқықтарының декларациясында мұсылмандар көтерген барлық өзекті құқықтар, оның ішінде, халықтардың өз тағдырын өздері шешу, тіпті бөлек мемлекет құру құқықтары толық мойындалды. Қызылдар шаруаларға – жер, жұмысшыларға – зауыттар, бұратана халықтарға – тәуелсіздік беруге уәде берді. Қызыл большевиктер «Ресей халықтарының бөліну және тәуелсіз мемлекет құруға дейін өз тағдырларын өздері еркін шешу құқығы» деген тезисті декларацияға тайға таңба басқандай қадап жазып жариялады.

Қызылдардың айқын ұлттық бағдарламасының болуы оның қатарына бұратана халықтардың өкілдерінің көптеп келуін және билік үшін күресте олардың жеңіске жетуін қамтамасыз етті. Сол кездегі большевиктік партияның 44 пайызын орыс еместер құрап, олар өз ұлттарының болашағына қатысты, жандарына жақын идеяларды толық қолдап шықты.

Қазақ ұлтшылдары мен қызыл қазақ еліміздің түбінде тәуелсіздік алуын заңдылық жағынан негіздеп кетті. Олай дейтін себебіміз – 1922 жылы КСРО Конституциясында одақтас республиканың Одақтан шығу құқығы тіркелді. Бұл өз кезегінде 1991 жылы желтоқсан айында Кеңес одағының бейбіт жолмен ыдырауына мүмкіндік берді. 

Алайда ұлттық республиканың Кеңес одағынан шығуы үшін оның одақтық дәрежедегі республика болуы шарт еді. Ол кезде, 1936 жылға дейін Қазақстан одақтық дәрежедегі республика емес, Ресей құрамындағы автономиялық республика болатын. Татар, башқұрт және т.б. секілді. Ал автономиялық республиканың одақтық статус алу алғышарттары немесе лениндік принциптері келесідей еді:

Біріншіден, одақтас республика статусын алу үшін автономиялық республика шет елмен шекаралас болуы қажет. Қазақстанның Қытаймен ұзын шекарасы бар. Осы себептен татар, башқұрт және басқа да автономиялар одақтас республика статусын ала алмады.

Екіншіден, республиканың негізгі титулдық ұлты тұрғындардың көпшілігін құрауы тиіс. 1936 жылға қарай ашаршылық салдарынан қазақ ұлты өз жерінде азшылыққа айналған еді, бірақ Кеңес үкіметі 1926 жылғы санақ нәтижелерін есепке алды. Ол бойынша қазақ тұрғындардың 57 пайызын құрады (1939 жылы өткізілген санақ бойынша қазақ өз елінде азшылыққа айналып, тұрғындардың 37,8 пайызын ғана құрады). Орталық ескі санақтың нәтижесін есепке алуы аштықтан қырылған қазақтың санының әшкере болмауы үшін жасалды.

Осы себептен Қырым Республикасы Түркиямен теңіз арқылы шекаралас болғанымен, қырым татарлары тұрғындардың азшылығын құрағандықтан одақтық республика статусын ала алмады.

Үшіншіден, одақтық республика статусын алу үшін тұрғындардың саны 1 миллионнан кем болмауы тиіс. 1936 жылы Қазақстанның халқы 3 287 900 адамды құрады. Осы себептен Якутия және басқа да сібір автономиялары одақтық статусқа қол жеткізе алмады.

Көріп отырғанымыздай Қазақ автономиясы одақтық республика статусын алудың лениндік принциптеріне толық сай келді және сол статусқа қол жеткізді.

Одақтан шыға алу құқығының заңды сипат алуы және оның Кеңес одағының Конституциясында тіркелуі өте маңызды болып табылды. Бұл өз кезегінде 1991 жылдың желтоқсанында Кеңес одағын бейбіт жолмен таратуға құқықтық негіз бергеніне тағы да назар аударамын. 1922 жылы Одақты құрған Ресей, Украина және Белорусия 1991 жылдың 8-желтоқсанында Беловеж келісімі деген атпен белгілі құжатқа қол қойды. Осы құжатқа сәйкес «Кеңес одағы – халықаралық құқықтың субьектісі ретінде өз өмірін тоқтатты».

Баяндалғаннан көріп отырғанымыздай, Кеңес одағының бейбіт жолмен ыдырауы Кеңес одағының конституциясында көрсетілген ұлттық республиканың Кеңес одағынан шығу құқығының арқасында жүзеге асты. Ал ол құқықтың негізгі заңда тіркелуі ұлттық зиялы топтардың белсенді іс-әрекеттерінің арқасында ғана мүмкін болды. Еліміздің тәуелсіздігінің құны атылып кеткен қазақ ұлтшылдары мен қызыл қазақтың қанымен, 1916-1934 жылдар арасындағы екі созылмалы аштық кезінде қырылған 4 млн қазақ өмірімен асыра төленген деп айта аламыз.

«Білгенге маржан – білмеске арзан» деген тәуелсіздік үшін қазақ ештеңе істеген жоқ, ол өзінен-өзі келді деп аузын қу шөппен сүрткен білместер, әлі де құлдық сана шырмауында, кеңестік режимді аңсап жүргендер ғана айтатын принципсіз әңгіме екендігі айқын.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға