Қазақстан ішінде балаларға қалай тегін ұшуға болады?

Қазіргі таңда отбасылар үшін демалыс ұйымдастыру көбіне қымбатқа түсетінін бәріміз білеміз. Бірақ Қазақстанда балаларға арналған ерекше бағдарлама іске қосылып, ата-аналарға ұшақ билеттерінің құнын үнемдеуге мүмкіндік туып отыр. «Kids Go Free» деп аталатын бұл бастама балаларға ел ішінде тегін ұшу мүмкіндігін береді. Енді отбасылар еліміздің түрлі туристік аймақтарын аралап, балаларымен бірге әлдеқайда қолжетімді бағаға сапарға шыға алады. Алайда бұл мүмкіндікті пайдалану үшін белгілі бір талаптар мен шарттар бар. Бүгін біз балаларға тегін ұшақ билеттерін алу тәсілдерін және бағдарлама шарттарын толығырақ қарастырамыз.
Елде балаларға тегін ұшуға мүмкіндік беретін қандай бағдарлама?
«Kids Go Free» – бұл Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға бағытталған отбасылық демалыс бағдарламасы. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылған бұл бастама 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға ел ішіндегі әуе сапарларын тегін жасауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама тек туристік компаниялардан дайын турпакет сатып алынған жағдайда қолжетімді және туроператорлардың ішкі туризм саласында қызмет көрсетуге рұқсаты болуы қажет. Бұл шара ата-аналарға балаларының демалысын ұйымдастыру кезінде ұшақ билеттеріне жұмсалатын шығындарды азайтып, отбасылық саяхатқа ынталандырады.
Қалай қатысуға болады?
Қазақстанда ішкі туризмді дамыту мақсатында балаларға арналған тегін әуе билеттерін ұсыну тетігі енгізілген. Бұл мүмкіндік азаматтардың еліміздегі туристік бағыттар бойынша сапарларын жеңілдетуге бағытталған.
Тегін авиабилетті қалай алуға болады?
Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін Қазақстан Республикасының азаматтары немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар азаматтығы жоқ тұлғалар ішкі туризм саласындағы лицензиясы бар туроператордан турөнім (туржолдама) сатып алуы қажет. Туржолдамаға міндетті түрде әуе қатынасы мен тұру құны кіруі тиіс. Тек осындай кешенді қызмет түрлері ғана бағдарлама аясында қарастырылады.
Негізгі шарттар:
- Тегін әуе билеті тек кәмелет жасқа толмаған балаларға арналған;
- Бала әуе сапарына кәмелет жасқа толған туысының (ата-ана, ата-әже және т.б.) ілесуімен шығуы тиіс;
- Бұл мүмкіндік тек жоспарлы демалысқа арналған сапарларға жарамды;
- Туржолдама құны балалар билеттерінің құнын шегеру арқылы азаяды;
- Бағдарламаға туроператорлардың қатысуы ерікті, ал олар шығынды мемлекеттен өтеу үшін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы арқылы қаражат алады.
Мысал келтіре кетейік:
Түркістан қаласында демалысты жоспарлаған 4 адамнан тұратын отбасы (2 ересек, 7 және 10 жастағы 2 бала) ішкі туризм саласындағы туроператордан құны 500 000 теңге болатын турөнім сатып алады. Турөнімге екі жаққа авиабилет пен тұру кіреді. Бағдарлама аясында балаларға арналған авиабилеттер тегін болғандықтан, турөнім құны 100 000 теңгеге арзандатылып, 400 000 теңгені құрайды.
Осылайша бұл бағдарлама арқылы отбасылар ішкі туризмге қолжетімді бағада саяхаттап, балаларымен бірге еліміздің әсем өңірлерін аралай алады. Сонымен қатар, туроператорларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, салада жаңа серпін қалыптасады.
Авиабилеттер алу тәртібі және шарттары
«Kids Go Free» – ішкі туризмді дамытуға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шарасы. Бағдарлама аясында балалардың ұшу билеттері тегін ұсынылады. Бұл мүмкіндікке ие болу үшін туристік турды міндетті түрде қонақүйде, шипажайда немесе басқа орналастыру орындарында тұрумен бірге туроператорлардан сатып алу қажет.
Бағдарламаның тиімді жүзеге асуы үшін туризм бірлестіктерінің ұсыныстары негізінде «Kids Go Free» бағдарламасына қатысатын туроператорлардың тізімі жасақталды. Бұл тізім ұсынымдық сипатта болады және міндетті емес – туроператорлар өз еркімен қатыса алады, сондай-ақ тізімге жаңа ұсыныстар негізінде өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Бағдарламаға қатысатын туроператорлардың тізімі мен қатысу шарттары арнайы сілтеме арқылы қолжетімді болады.
Сонымен қатар, Aviata.kz агрегаторы өз платформасында «Kids Go Free» бағдарламасына арналған арнайы қону парағын әзірледі. Бұл бетте туроператорлар өз турларын орналастырып, туристер балалар билетін тегін алу мүмкіндігімен осы турларды брондай алады.
Бағдарлама аясында қатысатын туроператорлар мен шығындарды өтеу тәртібі
Туроператорлардың шығындарын өтеу механизмі белгіленген қағидаларға сәйкес жұмыс істейді. Туристер демалыстан оралғаннан кейін туроператор өтінім береді. Өтінімге қажетті құжаттар пакеті қоса беріледі.
Құжаттар тізімі мыналарды қамтиды:
- Заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының немесе жеке кәсіпкер ретінде қызметін бастауды растайтын құжаттардың көшірмесі;
- Алдыңғы айдың бірінші күніне салық берешегінің болмауы немесе болуы туралы мәліметтер;
- Кіру және ішкі туризм саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың көшірмесі;
- Туроператор мен турист арасында жасалған туристік қызмет көрсету шартының көшірмесі;
- Нотариалды куәландырылған сенімхаттың көшірмесі (егер бала жақын туысымен ұшатын болса);
- Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берудің көшірмесі (азаматтық емес тұлға болып табылатын бала үшін);
- Кәмелет жасқа толмаған жолаушыға билеттің немесе жолаушылар купонының (отыру талоны) көшірмесі;
- Кәмелет жасқа толмаған жолаушыларға арналған туристік қызметтерді көрсету туралы мәліметтер (Қағидаларда көрсетілген нысан бойынша).
Туроператордың өтінімі екі жұмыс күні ішінде қаралады, ал тағы жеті жұмыс күні ішінде субсидия төлеу немесе бас тарту туралы шешім қабылданады. Өтінім мақұлданған жағдайда қаражат 25 жұмыс күні ішінде төленеді. Шығындарды өтеу «Kazakh Tourism» арқылы жүзеге асады. Қабылданған шешім туралы ақпарат Ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.
Бағдарламамен қанша бала тегін ұшты?
Kazakh Tourism мәлімдеуінше, соңғы үш жылда «Kids go Free» бағдарламасы бойынша 5 500-ден астам бала отбасылық туристік пакеттермен Қазақстан бойынша тегін әуе саяхаты мүмкіндігін пайдаланды. Бұл бағытта отандық туроператорлар 1,2 миллиард теңгеден астам сомаға турлар ұсынды.
«Алакөл» көлінің жағалауы «Kids go Free» бағдарламасының ең сұранысқа ие бағыты ретінде қалып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл сатылған турлардың саны 20%-ға артты. 700-ден астам бала Алакөлге тегін саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды, - делінген хабарламада.
Алматы мен Алматы облысының маңындағы аймақтарға деген қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артты. 330-дан астам отбасы осы бағытты таңдаған. Балалар әуе билеттерінің құнын өтеуге жұмсалған қаржы 41,6 миллион теңгені құраса, бұл бағыттағы турлар жалпы 135,3 миллион теңгеге сатылды.
Шортанды-Бурабай курорттық аймағы мен Астана қаласы – «Kids go Free» бағдарламасының үшінші танымал бағыты. Оған жазғы айлар мен қысқы каникул кезінде сұраныс өте жоғары.
«Kazakh Tourism» 2022 жылдан бері «Kids go Free» бағдарламасын жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты – елімізде ұйымдастырылған туризмді дамыту. Жыл сайын ата-аналардың балаларымен бірге Қазақстан бойынша саяхаттау көрсеткіші артып келеді. 3 жыл ішінде қазақстандық отбасылар 280 миллион теңге үнемдеді. Ал отандық туроператорлар осы уақытта 1,2 миллиард теңгеге турлар өткізді. Балалардың әуе тасымалына субсидия түрінде мемлекет тарапынан салынған қаржы ата-аналарды туған жерлеріндегі демалысқа ынталандырады. Мемлекет тарапынан салынған әрбір теңге еліміздің экономикасына қосымша 4 теңге пайда әкеледі деп айтуға болады, – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Былтыр «Kids go Free» бағдарламасы бойынша 2172 балаға Қазақстанды саяхаттау үшін тегін әуе билеттері ұсынылды. Туроператорлар балалардың әуе билеттері құнын есептемегенде, 415,6 миллион теңгеге турлар өткізді. Мемлекет тарапынан 114,5 миллион теңге өтелді, бұл жалпы сатылған турлардың 28%-ын құрайды.
